ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны Назира Белсенбаева бөдене бағып, айына 1 млн теңге табыс тауып отыр.
Назира Белсенбаева бұл жоспарын «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асырып отыр. Қазір бөдене шаруашылығын дөңгелетуде. Кәсiптi үйрене жүрiп, өзгелерге де оның қыр-сырын айтып келеді.
Қазір бөдене бағудың қыр-сырын жақсы меңгерді. Күніне 1000-нан аса жұмыртқаны саудаға шығарады. Оған қоса бөдене етімен аудандағы мейрамханалар мен тамақтану орындарын қамтамасыз етіп, Астана қаласына да жөнелтуде.
«Мен «Ауыл аманаты» жобасымен 3 млн теңге көлемінде несие алдым. Оған екі мыңнан астам құс және қажетті жабдықтар сатып алдым. Жергілікті тұрғындарының арасында осы өнімге деген сұраныс жоғары. Осыған байланысты небәрі бір айдың ішінде кәсібім өрге асты. Қазір 1 млн теңге табыс табуға мүмкіндік туып тұр. Бөдене әр 16 сағат сайын жұмыртқалайды», – дейді ол.
Назира Белсенбаева жаз айында аталмыш бағдарлама арқылы тағы да несие алуды көздеп отыр. Бағдарламаның екінші бөлімі арқылы кәсібін кеңейтпекші. Сол мақсат жүзеге асса, арнайы ферма ашуды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында Абай және Досан елді мекендеріне газ қосылды.