АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерболат Сатыбалдин киікті заңсыз қыру әрекеттеріне тосқауыл қоюға қатысты мәселе көтерді. Бұл ретте ол Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады.
«Былтырдан «киіктің саны көбейіп кетті, егінге түседі» деген шаруалардың уәжін естіп жатырмыз. Сол себепті 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекттік органдардан ресми түрде рұқсат берілді. Алайда құзырлы орындар «азайту дегенді» дұрыс түсінбеген түсінген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы Жаңарқа ауданы Қызылжар ауылы «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл жерде елдің наразылығы орынды. Обал мен сауапты айыра білетін ел, іргесінде болып жатқан мұндай сұмдыққа шыдай алмаған. Осы ретте, сөз жоқ, киіктердің популляциясын шаруаларға зиян тидірмейтіндей, халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеу қажет», – деді Е. Сатыбалдин.
Оның пайымынша, «Охотзоопром» ӨБ қызметкерлерінің жасаған бұл қадамына құзіретті орындар құқықтық бағасын беру керек. Себебі, аталған мекеме қызметкерлері салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармағаны белгілі болды. Регламент бойынша ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жақындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақтандыру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек.
«Екіншіден, киіктің популляциясын шектеу шараларын орындау – жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек.
Үшіншіден, киікті буаз кезінде азайту шараларына тыйым салу қажет. Жоғарыдағы жайттарды ескере келе мынадай тиісті ұсыныстар береміз. ҚР Бас прокуратурасы мәселенің мәнін терең қарастырып, «Охотзоопром» ӨБ қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық бағасын беруді талап етеміз. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне киік санын азайтуға бағытталған шараларды толық пысықтап, тиісті регламентке өзгерістер енгізуін ұсынамыз», – деді депутат.