фото:ашықдереккөз
Туризм – әлем экономикасының алып бөлшегі, ел дамуына елеулі үлес қосар болашағы зор сала.
Соңғы ақпарат бойынша, пандемиядан кейін ел туризмі қайта қалпына келіп, тіпті 2023 жылы туризм саласынан еліміз 3,5 триллион теңге пайда тапқан екен. Жалпы, Қазақстандағы туризм саласының шынайы ахуалы қандай деген сауал көбінің көкейінде жүрсе керек. Осы ретте, еліміздегі туризм саласының бүгіні мен ертеңі туралы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевпен сұхбаттастық.
– Ержан Мәлікұлы, туризм саласы дамып келеді дейсіздер. Дегенмен туристер санының өскені байқалмайтын сияқты. Нақты статистиканы айтыңызшы?
– Мен де әңгімені статистикадан бастағым келіп еді. Өйткені еліміздегі туризм саласының дамып келе жатқанын, алда бұл саланың зор әлеуеті бар екенін дәлелдейтін осы сандар.
2019 жылы ішкі туристер саны 6,7 миллион болса, 2020 жылы 4,5 миллионға түскен еді. Ал 2023 жылы 9 миллионға жуықтады. Нақты көрсеткіштер бойынша, халқымыздың шетелдерге саяхаттауы азайып, барынша ішкі туризм дамып жатыр деген сөз.
Туризмнен түскен салық көлеміне келер болсақ, 2022 жылы 400 миллиард теңге болса, 2023 жылы тоғыз айда түскен салық көлемі 268 миллиард теңге болды. Сонымен қатар туризмге 2022 жылы – 513 миллиард теңге, 2023 жылы 650 миллиард теңге инвестиция бөлінді. Ал шетелдік туристер санын айта кетсек, 2019 жылы – 980 000 болса, 2020 жылы 250 000-ға түскен еді. Ал 2023 жылы шетелден елімізге 1 миллион 400 мың турист саяхаттап келді.
Мұнда ерекше тоқтала кететін тағы бір мәселе бар: шетелден келетін туристердің біздің еліміздегі орташа шығыны – 1 500 доллар, ал Өзбекстанда – 200 доллар. Бұл біздің елімізге қалталы туристер саяхаттайды деген сөз. Яғни, туристер санына ғана емес, сапасына мән беру біз үшін аса маңызды. Бұл елімізге экологиялық, экономикалық жағынан тиімді.
– Туристер саны өскені туралы статистика келтірдіңіз. Осы көрсеткіш қалай есептеледі?
– Туристерді санау әдісі әр елде әртүрлі. Мысалы, Грузия, Өзбекстан елдері шекарадан өтушілерді қонақ болсын, мигрант болсын, басқа мақсатта келген жандар болсын, тіпті, ел ішінде қыдырып жүретін әр адамды «турист» ретінде есептейді. Біздің елде UNWTO (Халықаралық Туризм ұйымы) методикасына сай қонақүйде тіркелген туристер санымен статистика шығады. Өтірік сандармен өз-өзімізді алдамаймыз. Осы әдіс бойынша 2024 ел ішіндегі туристер саны 9 миллион, ал шетелден келетін туристер саны 1,4 миллион болады деп болжап отырмыз.
Туризмдегі ел статистикасын көбі көбейтіп алынған деп есептейді, керісінше тым азайтып көрсетілген. Ресми дерекке тек қонақүйлер мен санаторийге келушілер тіркеледі. Пәтер жалдайтындар, шатыр (палатка – ред.) саяхаттайтындар, таныстарының үйіне қонақ болып келген туристер саналмай қалады.
Ішкі туризм бойынша алсақ, елімізде 14 ұлттық саябақ бар. Мысалы, нақты деректер бойынша өткен жылы Ұлттық парктерге 2 миллион адам барған. Дегенмен олардың қатарында тіркелгендері, тіркелмегендері бар. Демек, 100% толық көлемді көрсетпейді.
– Жарайды, онда туризмнің әлеуметтік-экономикалық ықпалын тілге тиек етсек. Туризм саласының ел экономикасына ықпалы қанша?
– Ең алдымен жұмыспен қамту мәселесін айтайын. Туризм саласы бүгінде ресми түрде 520 000 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл тек зейнетақы аударымдары жүріп жатқан, тіркелген жұмысшылар саны ғана. Қолма-қол ақшамен немесе маусымдық қызметте жүрген даяшылар, менеджерлердің бар екенін де ұмытпауымыз керек.
Соңғы жылдары туризм саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің де саны артып келеді. Бұл ретте, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының елеулі орнын айтпай кету мүмкін емес.
Біріншіден, Kids go free бағдарламасы, жоба бойынша 18 жасқа толмаған кез келген бала ел ішінде тегін ұшады. Кәмелетке толмаған балалардың билет құнын 100% мемлекет төлеп беріп отыр. 2022 жылы бұл қызмет түрін 1 500 бала қолданып, 76,2 миллион теңге субсидия төленген. Былтыр 20 қарашаға дейінгі есепке қарасақ, 892 ұсыныс қанағаттандырылып, 1 903 бала 85 миллион теңгеге ұшқан. Бір жылдың ішінде 403 балаға көбейіпті.
Екіншіден, жол бойында орналасқан бизнес нысандары құрылысының шығынын өтеуге көмек. Туристік кәсіп бастасаңыз, оның құрылысына және орындалуына кеткен шығынның 10%-ын мемлекет өтеп береді. Биыл жергілікті билік 11 өтінімді қабылдап, 181,6 миллион теңге қаржыны кәсіпкерлерге қайтарып берді.
Үшіншіден, саяхаттау мақсатында, туристік нысандарға саяхатшыларды жеткізу үшін көлік алатын болсаңыз, мемлекет тарапынан 25%-ын өтеп алуға мүмкіндігіңіз бар.
– Туризмнің бірнеше бағыты бар. Сарапшылар медициналық туризм, агротуризмді дамытудың әжептәуір әлеуеті бар дейді. Бұл бағытта неге жұмыс істелмей жатыр?
– Қазақстанда 9 медициналық мекеменің халықаралық сертификаты бар. Бірнеше медициналық бағыт бойынша біз көш бастап тұрмыз: эко, кардиология, нейрохирургия, стоматология және т.б. Әлем бойынша ең төменгі бағамен сапалы медициналық қызмет көрсететін көшбасшы ретінде Үндістан елін айтады. Біздің елімізде шетелдіктер үшін бір медициналық қызметтің орташа құны – 2 500 доллар, құны Үнді елінен де төмен.
Ал енді еліміздегі агротуризмге келер болсақ, 200 мыңнан астам ауыл шаруашылығымен айналысатын жер иелері бар. Біздің идеямыз – бақ өсіріп отырған, егістігі бар немесе мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға меншікті жер телімдерінде қонақ бөлмелерін салуға рұқсат ету. Қазір ондай бизнеске рұқсат етілмеген. Ауылдағы ағайын келген туристерді арнайы үйлерде қондыра алса, агротуризм дамиды әрі ауылда жұмыс орны көбейеді. Жердің негізгі қолдану мақсатын өзгертпей, шаруаның тыныс-тіршілігін танытатын, табиғи өнімдермен тамақтанғысы келеді экотуристер үшін қосымша үйлер салу еліміздегі туризм дамуына да оң әсерін береді.
Агротуризмде 2023 жылы жеткен жетістіктеріміз аз емес, мәселен, UNWTO (Бүкіләлемдік туристтік одақ) Бас ассамблеясында Алматы облысындағы Саты ауылы BestTourismVillages (Үздік туристтік ауыл) марапатын жеңіп алды. Сонымен қатар Қатонқарағай ел тарихында тұңғыш рет Green Destinations Top 100 Stories жаһандық рейтингінен әлемдегі экологиялық таза 100 үздіктің тізіміне енді. Проблемаларды бірлесіп шешсек, ел туризмін жаңа деңгейге көтере алатынымызға сенімдімін.
– Әңгімеңізге рақмет!
aikyn.kz