Бүгін Сенат депутаттары премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына ауылдың мәдени өмірі жұтаң тартып бара жатқанын айтып, депутаттық сауал жолдады.
Біз «вандализм көбейді, қатігездік артты, аялдаманы қирататын, жедел жәрдем жүргізушісін ұратын жүгенсіздік қайдан шықты, мәдениетіміз неге төмендеді?» деген сұрақты жиі қоямыз. Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын?! Бұл ретте елді мекендердегі, әсіресе, шалғай ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйі, техникалық базасы сын көтермейтіні жасырын емес. Олардың басым көпшілігі 90-жылдары жекешеленіп кетті. Қазір жұмыс істеп тұрған 2035 мәдениет үйінің 770-і және 2006 ауыл клубының 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбірінің тозығы жетсе, енді бірі апаттық жағдайда тұр. Мәселен, біз жұртшылықпен кездескен Түркістан облысында 625 елді мекенде мәдениет үйі жоқ. Мұндай мысалды әр өңірден келтіруге болады, – деп дабыл қақты сенаторлар.
Сондай-ақ олар елімізде 3 891 кітапхана болса, оның 79%-ы ауылдық жерлерде екенін, алайда ауыл кітапханаларының 60%-дан астамы ескіргенін алға тартты.
Айталық, біз барған Сайрам ауданының орталық кітапханасы 1968 жылы салынған. Кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нормативтік талаптарға сай емес. Жалақасы төмен болғандықтан, маман тұрақтамайды. Көптеген кітапханаларды кезінде мектептерге қосып жібергені белгілі. Қарапайым тұрғындар оны пайдалана алмайды. Мәдениетке көбіне «қалдық принципімен» қарайтын жергілікті атқарушы органдар бөлетін мардымсыз қаржы кітап қорын толықтыруға жетпейді. Мың данамен шыққан кітап кітапханаларға қайдан жетсін? Әсіресе көркем әдебиет жетіспейді, – делінген депутаттық сауалда.
Депутаттардың айтуынша, ауыл спорты туралы айту тіпті қиын. Мысалы, қазір 2 270 елді мекенде (47%) спорттық нысан жоқ екен. Ауыл тұрғындары мектептің спорт залдарын пайдалана алмайды.
Мектеп бітірген ауыл жастары мен тұрғындарының демалыстарын тиімді өткізетін, өздерін дамытатын мәдени ошақтар аз. Шығармашалықпен айналысуға домбыра, қолөнер сияқты қарапайым үйірмелер жетіспейді. Ауылда мәдени инфрақұрылым болмай, креативті индустриянының дамуы қиын. Арадағы мәдени алшақтық ұлғайғандықтан, ауылдан қалаға ағылған жастар қатары артып келеді. Олардың қалаға жақсы жұмыспен бірге, жайлы тұрмыс, мәдени орта іздеп келетіні анық. Жүйесіз урбанизация мәдени иммунитеті төмен маргинал жастардың қатарын көбейтеді. Кітапханасы тозған, бас қосатын мәдениет үйі ескірген, кино көруге, концерт тамашалауға, спортпен айналысуға жағдайы жоқ ауыл жастары мен тұрғындары сонда немен айналысады? – деп күйінді одан әрі сенаторлар.
«Қазақстан жастары» мекемесінің зерттеуінше, елімізде жастардың көпшілігі бос уақытын әлеуметтік желіде (74,3%) және интернетте онлайн фильмдер қараумен (63,6%) өткізеді екен. Бұл – жылдар бойы қордаланған мәселе. Ал президенттің жаңа мерзімдегі алғашқы Жарлығы ауылды дамыту жөнінде болған еді.
Мемлекет басшысы Құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды армандайтынын айтқан еді. Соған сәйкес ауыл кітапханалары салына ма? Жалпы, ауылдың мәдени өмірін дамытуға арнайы бағдарлама бар ма? – деп Тамара Дүйсеноваға сұрақты төтесінен қойды депутаттар.
Онымен шектелмей, жоғары палата өкілдері Дархан Қыдырәлі, Әли Бектаев, Ғалиасқар Сарыбаев, Әлішер Сатыбалдиев, Айгүл Қапбарова, Геннадий Шиповских және Мұрат Қадырбек премьер-министрдің орынбасарынан «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, осы мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді талап етті.