фото:ашықдереккөз
Қазақстанның әрбір өңірі, тау-тасы мен өзен-көлі күні бүгінге дейін әлем назарынан түспей келеді. Бір ғана Шымбұлақтың «Гиннес» рекордтар кітабына енуі – Қазақстан туризмінің дамып келе жатқанының айқын көрінісі. «Шымбұлақ» Гиннестің рекордтар кітабында «Әлемдегі ең биік шаңғы трассасы» номинациясы бойынша үздік деп танылды. Бұл трек теңіз деңгейінен 3100 метр биіктікте орналасқан. Атақты Шымбұлаққа жыл сайын 1 миллионнан астам адам барады. Туристердің 10 пайызы шетелден келсе, қалған 90 пайызы жергілікті халық екен. Демек ішкі туризмге деген қызуғышылық бар. Байқағанымыздай, қысқы туризмге сұраныс жоғары. Мәселен, жаз бойы адам ағылатын Бурабай, Зеренді, Алматы, Тарбағатай, Қатон-Қарағай секілді әсем табиғаты бар орындар қыс мезгілінде де келушілерді қабылдайды. Осыған дейін Қазақ Туризм ұлттық компаниясы туристерге ең жайлы, қолайлы топ -10 демалыс орнын ұсынған еді. Олардың қатарына елордамыз Астана, Имантау-Шалқар, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, Баянауыл, Алакөл көлінің жағалауы, Балқаш, Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау мен Түркістан енді. Бұл туристік орындардың көптеп адам қабылдауға, сапалы сервис көрсетуге мүмкіндігі жетерлік. Кей ньюанстар бойынша мемлекеттен қолдау көрсетілді. Ал келушілердің пікірі – ең басты мәселе. Егер демалысқа келген адам ел аралағанда жақсы көңіл-күйде болса, демек, оның ішкі туризмнің дамуы үшін үлесі зор. Мәселен, демалыс орындарында зейнеткерлер, 5 жасқа дейінгі балалар мен ерекше жандар үшін жұмыс күні демалыс орындарына тегін кіру қарастырылған. Сонымен қатар көпбалалы аналарға 30 пайыз жеңілдік беру де қолға алынған. Бұл мүмкіндіктерді Алматыдағы «Шымбұлақ» демалыс кешенінде пайдалануға болады. Дәл осындай жеңілдіктер арқылы келушілердің санын көбейтуге, ішкі туризмнің аясын кеңейтуге қолайлы.
Қазақстанның ішкі туризмі пандемия кезінде біршама қиындықтарға тап болды. Алайда бұлт артынан күн шығып, 2022 жылдан бастап сала қарқын ала бастады. Мәселен сол жылы туристер саны 8,6 миллионға дейін жетті. Биыл да ел ішінде демалуға ниет білдіргендер 9 миллионнан асуы мүмкін деген болжам айтылуда. Сарапшылардың айтуынша, ішкі туризмнің дамуына ең негізгі кедергі келтіретін мәселе – жол сапасы. Мысалы, туристер Алматы-Өскемен, Балқаш-Алматы, Жезқазған-Қызылорда автожолдарына шағым айтады. Дәл осы аймақтарға келушілердің саны көп. Бұл мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «туризмді дамыту үшін аймақтағы инфрақұрылымға аса мән беру қажет» деп топшылаған еді. Президент бұған дейін ішкі туризмді дамыту мақсатында әуежайлар мен теміржол маршруттарын көптеп ашуды тапсырған еді. Бүгінгі таңда «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолын қайта жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен бірге Алакөл демалыс аймағына жоғары кернеулі электр желілерін тарту басты назарда.
Орта есеппен қазақстандықтардың 46 пайызы қысқа уақытттағы демалыстарға жиі шығады. Ел тұрғындарының 29,2%-ы жағажайларға, 24,4 пайызы аңшылық пен балық аулауға қызығады. Ал қалған бөлігі тауға шыққанды жақсы көреді екен. Ел ішіндегі туризм жылдан жылға дамып жатқанының бір көрінісі осы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, туризм саласына инветиция тарту, туристер санын көбейту, аймақтық курорттардың қызмет көрсету сапасын арттыру сияқты мәселелер назарға алынды. Ал бұл саладағы қызметтер көлемін арттыру туризм саласын дамыту бағдарламасындағы негізгі аспектілердің бірі. Соңғы 3 жылда өңірлерге келген туристер саны 3 есе артқан. Оны Президент Жетісу облысына барғанда мәлімдеген еді.
Туристік аймақтардағы интернет сапасын арттыру да ішкі туризмнің дамуына серпін болмақ. Себебі байланыс орнату әр адамға керек дүние. Қазақ туризмімен қатар ұлттық спорт, этнография, агротуризм секілді дамыту шараларын жүзеге асыру маңызды. Ішкі туризмнің негізгі ажырамас бөлігі – турпакеттердің ұсыну. Мәселен, қазақы нақыштағы киіз үйлер мен глемпингтер леіміздің демалыс орындарына көптеп салынып жатыр. Бұл ұлттық дәстүріміздің насихаттап қана қоймай, азаматтардың еркін демалуына жасалған жағдай. Ұлы даламыздың көрікті жерлерін мол ас мәзірімен, ұлттық парктер мен қорықтарымыздың әсемдігімен байытуға мол мүмкіндік қарастырылған. Ішкі туризмді дамыту үшін инвестициялар тартылды. Әсіресе, туристік құрылыстарға шетелден инвесторлар тарта отырып, мемлеке қолдау шаралары да ұйымдастырылды. Әлемдік инвесторлардың табиғаты сұлу Қазақстанға сөзсіз көз салатыны анық. Ірі жобаларың бірі Түркістандағы «Керуен-сарайы», Ақтаудағы жылы жағажайлар мен әуежай құрылыстары. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының дерегінше, 2018 жылдан бастап елдегі әжетхана жетіспеушілігі анықталған. Содан кейін автожолдарда, жанармай құятын бекеттерде 200-ден астам әжетхана салынған. Негізгі жобалардың бірі ретінде «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары» дайындалды. Ол үшін бюджет есебінен қаржы бөлініп, жағалауларға инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда. Бұл жоспардың шеңберінде сырттан 30 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп отыр. Мемлекет басшысы «Алтын-Емел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парктеріне көңіл бөлуді тапсырды. Яғни, ұлттық парк аумақтарында экологиялық туризмге ерекше көңіл бөлінбек. Өткен жылы «Алтынемел» визит-орталығы келушілер үшін есігін айқара ашты. Ал «Жоңғар Алатауы» паркінде 1,7 млрд теңгеге 8 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz