фото:ашықдереккөз
Күні кеше Димаш Құдайбергеннің жаңа бейнебаяны шықты. «When I’ve got you» атты әніне түсірілген клиптің тұсауы Түркияда кесілді. Патриоттығы бір бөлек, өнерімен ғаламды тәнті етіп жүрген Димаштың Қазақстан үшін рөлі зор. Өйткені ол қазақтың домбырасын әлемге танытып, қазақ әндерін үлкен сахналарда тамылжыта орындады. Димаш әлем сахнасына аяқ басқалы қазақ тілінде сөйлейтін азаматтарымыз бен өзге елдерден ана тілімізді үйренетін адамдардың саны көбейді. Мәселен, Димаштың Швейцарияда тұратын жанкүйері Эстер ханым қазақ тілін үйреніп жүр.Тіпті әлеуметік желілерде қазақ тілінде сөйлеп, контент жүргізіп, халық әндерін бейнеклиптеріне пайдаланады. Эстер ханым ұлттық киімді насихаттап, тіпті кумирі Димаштың өзімен де кездесті. Шынын айтқанда, бұрын соңды Димаш секілді қазақ салтын әлемге танытқан өнерпаздардың саны аз. 1925 жылы Парижде ән салған Әміре Қашаубаевтың рекордын жаңартқан Димаш бүгінде ұлтының сүйікті ұлы, әлемнің ханзадасына айналды. Испания жұрты да қазақ тілін үйренуге әуес. Олар тіпті арнайы курс ашып, аптасына бір рет онлайн форматта тіл үйренеді. Қазақ тіліне деген қызығушылық артқаннан жаңа топтар ашу да ойда бар екен. Қазақтың мәдениетін танығысы келетін азаматтар Жапония мен Кореяда, Еуропада, тіпті мұхиттың арғы жағындағы Америкада да көбейіп келеді. Рухани құндылықтарды насихаттауда Димаш «Самалтау», «Қазақстан», «Қайран елім», «Дайдидау» секілді халық сүйетін әндерді орындап, «Адай» күйін әлемге танытты.
Әлемге әйгілі Оксфорд университетінде де қазақ тілі оқытылатын болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Oxford Qazaq» сөздігінің бірінші бөлімі басылып шықты. Бұл сөздік 60 мыңнан астам сөзді қамтиды. Алғашқы басылым 1300 бет болып шықты. Тіл білімі институты кітапты 4 жыл бойы құрастырып, жан-жақты зерттеген. Сөздіктің жарық көруі – еліміз бен тіліміз үшін ең маңызды оқиға. Ұлыбританияға барған Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Тіл – халқымыз үшін басты құндылықтардың бірі. Бүгін қазақ және ағылшын тіліндегі Oxford Qazaq сөздігін таныстыра отырып, біз жаңа тарихи белеске көтерілеміз. Соның арқасында әлем жұртшылығы біздің мәдениетіміз бен халқымыздың тарихы туралы мол мәлімет білетін болады. Біз қазақ тілін тек қағаз жүзінде ғана емес, мемлекеттік тілді дамытуды цифрландыру арқылы белсенді түрде жүзеге асырамыз» деді.
Димаш «Халық әртісі» атағын алғанда, дүйім жұрт оны бұл мәртебеге лайық деп таныды. Өйткені оның қазақ тілі үшін ғана еме, жалпы дәстүріміздің, мәдениет пен музыкамызды әлемге паш етуде рөлі орасан зор. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «әр адам өзінің кіндік қаны тамған мекенге, өсіп-өнген ортасына, туған жеріне деген махаббатын әнге қосатыны сөзсіз» деп жазды. Қазақтың саф өнерін әлемге танытып, дәстүріміздің насихаттау барысында Димаш өзін бір емес бірнәше мәрте дәлелдеді.
Ұлттық салт-дәстүрдің аясын кеңейтіп, әлемге таратудағы димаштың рөлі күн өткен сайын артып келеді. Мәселен, оның Астанадағы «Дайдидау» мейрамханасына әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер бас сұғады. «Дайдидау» – қазақтың халық әндерінің бірі. Мейрамхана атауына «Дайдидау» есімі жоғары талғаммен таңдалғаны көрініп-ақ тұр. Еске алсақ, 2016 жылы Димаш Қытай еліндегі конкурста осы әнді орындаған еді. Араға 8 жыл салып, енді бұл атау Елордамыздың төріне жайғасты. Шын мәнінде, қазақтың ұмытылған, бұрын-соңды айтылмай, айтылса да таныла қоймаған өнерін таланттарымыз әлемге паш етті. Бүгінде «Дайдидаудың» ас мәзірінде қазақтың ұмыт қалған тағамдары, соның ішінде «Өрме төс», «шұбат-көже», «әсіп», «жілік май», «ұлтабар» сияқты неше түрлі тағамдар бар. Тіпті кей тағам атауларына Димаштың репертуарындағы әндердің атауы қойылған. Соның бірі – «Самалтау». Осылайша қазақ тілінің қорындағы ең әдемі, әсем сөздерді қолдану арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz