– Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бүгін төменгі палата қабылдаған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Заңдарға қатысты пікір білдірді.
«Бүгін біз өте маңызды Заң қабылдадық. Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей бағытталған. Отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық — қоғамда жиі талқыланатын өзекті әрі өте өткір мәселе. Аталған проблеманы құқық қорғаушылар мен депутаттар ғана айтып жүрген жоқ. Әйелдер мен балалардың қорғансыздығы жайындағы мәселе БАҚ-та, әлеуметтік желіде өте жиі көтерілуде. Агрессорлар мен абьюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегуде», — деді Мәжіліс спикері.
Оның атап өтуінше, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді.
«Енді Заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Ол өте орынды. Жалпы, әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бергізбеуге тиіспіз. Ата дәстүрлерімізді берік ұстанып, ерлі-зайыптылар арасында шынайы құрмет, сыйластық пен балаларға деген қамқорлық орнығуы қажет. Өте ауқымды жұмыс атқарылды», — деді Ерлан Қошанов.