фото:ашықдереккөз
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – білім мен ғылым бағытындағы заңды жетілдіру. Заң жобасының аясында ғылыми зерттеу орталықтары мен университеттерде істейтін профессорлерге ғылыми атақтары үшін қосымша ақы төлеуді ұсынып отыр.
«Мысалы, PhD докторы, ғылым кандидаты қазір ай сайынғы жалақысына аталған ғылыми дәрежесі үшін 62 мың теңге үстемақы алса, енді ол қосымша доцент деген ғылыми атағы үшін тағы 30 мың үстемақы, яғни жалпы 92 мың теңгені ай сайынғы жалақысына қосымша үстемеақы ретінде алады. Ал енді ол ғылым докторы болса және қазір 125 мың теңге үстемақы алса, бұл заң қабылданғаннан кейін қосымша профессор атағы үшін тағы да 60 мың теңге, сонда жалпы алғанда 185 мың теңге қосымша ақы алатын болады», – деді Аймағамбетов мәжілістің жалпы отырысында.
Ғылымды қаржыландыру ісіне енді әкімдіктер де құқық берілуі мүмкін. Бұл жаңа заң жобасында қарастырылған ұсыныстардың бірі. Мәжіліс бұл заңды қабылдап, сенаттың қарауына жолдады.
Қай заманды алып қарасақ та, дамудың басты кілті бұл – ғылым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзін өткен жылы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтқан еді. Шын мәнінде, жаһандану заманының басты міндеті осы. Қазақ ғылымы сан ғасырлар бойы дамып, ұрпақтан ұрпаққа табысталып келеді. Мәселен денсаулық сақтау саласына қатысты жазылған еңбектер мен ем-дом жинақтарын құрастырған ғалымдарымыз да жетерлік. Адам тарихындағы жетістіктердің барлығы ғылыммен байланысты. Еліміздің бұл саланы дамыту үшін арнайы мемлекеттік бағдарламалар жасап, оны үздіксіз дамытып келеді. Бүгінгідей озық технология дәуірінде ғылымның өлшеусіз үлесі зор. Биыл қазақтың көрнекті биологы Күнсұлу Закарья әлемнің көрнекті ғалымдарының қатарына кірді. Күнсұлу Закарья – QazVac коронавирусқа қарсы екпенің авторларының бірі. Ол биотехнология, биоқауіпсіздік және микробиология секілді салаларды зерттеген. Күнсұлу Дальтонқызы отандық ғылым өндірісінде вакцина жасап, оның оң нәтижесін шығарған ғалымдардың бірі. Бүгінде ол Президенттің кеңесшісі қызметін атқарып жүр.
Президент ғылым саласына ерекше көңіл бөлуді, ол үшін арнайы бағдарламаларды жүзеге асыруды тапсырған еді. Мемлекет басшысы ғылым саалсына басымдық беріп, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесті құрды. Қатарында математиктер мен физиктер, биологтар мен химиктер бар.
«Біз кеңесті жасақтаған кезде оның құрамына айрықша мән бердік. Қазақ ғылымына зор еңбек сіңірген аға буын өкілдерін және шетел ғалымдарын шақырдық. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда жұмыс істеп жүрген жас ғалымдарымыз да кеңестің құрамына қосылды. Бізге алдыңғы толқынның мол тәжірибесі, кейінгі толқынның озық білімі және тың идеялары аса қажет. Олар өзара үйлесім тауып, еліміздің кәдесіне жарайды деп сенемін», – деді Қ. Тоқаев.
Әлем соңғы жылдары көптеген өзгерістерге ұшырады. Экономика, геосаясат, халықаралық қатынастар сын-қатерлерге тап болып жатыр. Ал ғылым саласы қаржыны талап етеді. 2024 жылы ғылымды дамытуға 240 миллиард теңге бөлінбек. Соңғы жылдары ғылым саласын зерттеуге бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай артты. Саланы дамыту үшін де бірқатар реформалар жасалды.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz