– Әдеби образдағы Меңтай емес, шынайы Меңтай қандай еді?
– Қазақтың қадірлі қаламгері Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасындағы Меңтайдың прототипі – енем Нұрғамила Нұрбосынова. Әзілхан Нұршайықов пен енем Нұрғамила Нұрбосынова Өскемен өңірінің тумалары. Әзілхан көкені бірнеше мәрте Астанадағы үйімізде де, Кентауда да қонақ еткен едік. Дастарқан басында отырып, жазушыға сұрақты жаудыртатынбыз. «Меңтай – Нұрғамила анамыз ба?» – дейтінбіз. Сонда Әзілхан көке: «Бұл шығарманы жазарда үш курстас қыздың бойындағы ең ізгі қасиеттерді, басынан өткен оқиғаларды теріп, бір арудың бойына жинақтаған едім. Нәтижесінде Меңтай дүниеге келді», – деп жауап берген-тұғын. Ол қыздың біреуі жазушының жары Халима апамыз, екіншісі менің енем, үшіншісі шығарманың басында жазылған, жазушы ұнатқан Орынкүл деген қыз. Мен өзім үш қызды да жақсы таныдым. Үшеуі де шығармада суреттелгендей қазақтың аса сұлу, арлы, абыройлы, жібек мінезді, көркем арулары…
Кітапта хат тасушы қыз көкенің жары Халима апамыздың нақ өзі еді. Ербол шын өмірде хат тасушы қызды жары етіп алады. Кейіннен көкеміз ұзақ жылдар бойы отасқан соң, Халима апамыздың адамгершілік қасиеттері мен көкемізге деген ыстық ықыласына бас иген болса керек, бір сұхбаттарында Меңтайдың образын Халимаға көбіректеу ұқсатады. Дегенмен шығармада құптағанын бас изеп, қарсылығын үнсіздікпен білдіретін Меңтайды енеме көбірек ұқсаттым.
– Шығарма шынайы өмірден алыстау ма?
– Әр жазушының шығарманы оқырманға өткізу стилі болады емес пе? Мен де солай топшыладым. Шығарманың кейбір анайылау тұстарын жазушы қиялына ерік беріп, дүниеге әкелген болса керек. Өйтпесе жазушы жазушы бола ма? Шығарма шығарма бола ма? Шын мәнісінде Меңтай оқуды бітірген соң, Кентауға келіп ұстаздық қызмет етеді. Атама тұрмысқа шығады. Атам ұзын бойлы, келбетті, мінезі жақсы кісі еді. Енем төрт құрсақ көтеріп, төртеуінен де айырылады. Бесінші болып, менің жолдасым дүниеге келген екен. Аман қалсын деген ниетпен жолдасымды «Жылаған атаның» суына шомылдырып, есімін Тұрарбек деп қояды. Жолдасымнан кейін қайынсіңілім дүниеге келген екен.
– «Махаббат, қызық мол жылдарды» жарыққа шығарарда қаламгер енеңізге хабар берген бе?
– 1960-1970 жылдары Әзілхан көке Түркістан өңіріне келіп, «Студент кезден бір шығарманы жазуды ойға алып жүр едім. Басты кейіпкер ретінде сіздің жолдасыңызды алмақ ниеттемін, рұқсат бересіз бе?», – деп атама келеді. Атам жарықтық, мінезі жайдарылау, парасатты кісі, рұқсатын бірден береді. Әлі күнге дейін мені көпшілік ортада «Меңтайдың келіні» деп таныстырады.
– Апамыздың кітапқа деген көзқарасы қандай болды?
– Келін болып түскенде Меңтайдың келіні екенімді білмедім. Бірақ ара-тұра «Меңтай Кентауда тұрады екен… Меңтайдың прототипі Нұрғамила Нұрбосынова екен» деген секілді сыбыстар шығатын. Ұзақ жылдар бойы бұл туралы ашық жария болған жоқ. Біз кейде қызығып, Меңтай туралы айтып келе жатқанда енем «тәйт» деп басып тастайтын.
– Меңтайдың жас күнінде қандай жан болғанын білеміз. Ал ана Меңтай, ене Меңтай қандай еді?
– Оқушы күнімде ол кісі маған «Қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ берген. Келбетті, салмақты, артық сөзі жоқ кісі еді. Бала кезімізде «осы мұғалімге ұқсасақ» деген арман әр оқушының басында болған шығар. Енем оқушылар үлгі тұтқан ұстаздардың бірі болды. 55 жыл ұстаз болған. Қазақ КСР-не еңбегі сіңген ұстаз. Кентаудың құрметті азаматы.
– Ата-енеңіз еліміздің солтүстігі мен шығысынан болса, Кентауда қайдан жүр?
– Атам Қарағандыда туып-өскен, балалар үйінде тәрбиеленген жан. Соғысқа қатысып келіп, Алматыға әскери оқуға түседі. Енемнің де Алматыда оқып жүрген кезі… Осылайша бір қаланың ауасын тыныстап жүріп, танысып, табысады. Кейіннен Кентауға жұмысқа шақырып, екі жас еліміздің оңтүстігіне қоныс аударады.
– Меңтай әрбір қазақ қызына берері мол кейіпкер еді. Ене ретінде де сізге үйреткені бар шығар. Ал сіз Меңтайдай енеңіз үшін не істей алдыңыз?
– 2002 жылы аяғым сынып, ауруханаға түстім. Ол кезде депутаттық қызметте едім. Алда енемнің туған күні келе жатты. Өз анам тірі кезінде енем мен анамды Меккеге жіберемін деп жүретінмін. Меккеге жетпей, анам дүниеден өтті. Соны ойлап, күйеуіме: «Енем 75 жасқа толып жатыр. 80 жасқа келе ме, келмей ме, кім біледі? Ұлан-асыр той жасайық әрі Кентау қаласының «Құрметті азаматы» атануға барлық жағынан сай келіп тұр, соның да жайын ақылдассақ», – дедім. Ол: «Аяғың сынып жатқанда бұл қалай болады? 3-4 құрбысын шақырып, дастарқан жайғанымыз дұрыс болар», – дейді. Енем барлық жақсылыққа лайық жан еді… Бар-жоғы 3-4 құрбысымен 75 жасты өткере салуға ұялдым… Қаланың «Құрметті азаматы» атану үшін қандай құжаттар керек деп іздестіріп едім, енем барлық талапқа сай келеді екен. Ойлана келе Әзілхан Нұршайықовқа қоңырау шалдым. «Көке, сіздің кейіпкеріңіз 75 жасқа толып жатыр. Қаланың «Құрметті азаматы» атағына әбден лайық жан. Тойға келіңіз», – деп едім, «барамын, барамын», – деп келісе кетті. Менің қоңырауымнан кейін Әзілхан көкеге Мұхтар Құл-Мұхаммед хабарласып, «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабының жаңа басылымы шықты деп сүйіншілеген. Сол әңгімеде Әзілхан көке Меңтайдың 75 жасын айтса керек, ертесінде министр Меңтайдың 75 жасына кітаптың 75 данасын әкеп беріпті. Енемнің 75 жасқа келген тойына Әзілхан көке де келді. Екеуі оқуды бітірген соң, 1970 жылы Алматыда бір рет кездескен. Одан кейін 30 жылдан кейін көрісіп отыр екен. Той барысында енемнің әріптестері шығармадағы қызыл көрпені сыйға тартты. Енем Құдайдың берген 88 жылын мәнді де мағыналы өткізді.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ