ҚР Туризм және Спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, биыл Қазақстан ұйымдастырушы ел ретінде әлемнің 30-ға жуық елінен келген 150 журналисті қабылдады. Жиынды Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев ашты.
«Сіздерді ерекше іс-шара – Халықаралық журналист-шаңғышылар клубында көргеніме қуаныштымыз. Бұл тамаша іс-шара түрлі елдің мамандарының басын қосып қана қоймай, оларға еліміздің бірегей сұлулығымен танысуға мүмкіндік береді», – деді С.Жараспаев.
3-10 наурыз күндері қатысушылар үшін тау және шаңғы бойынша жаттығулар мен жарыстар, кәсіби тақырыптардағы пікірталас, пайдалы кездесулер және Қазақстанның мәдениеті мен ұлттық тағамдарымен танысу өтеді. SCIJ кезекті кездесуінің бас серіктесі – «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы. Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының 70 жылдығы аясында өтіп жатыр.
SCIJ халықаралық шаңғышы-журналистер клубы жұмысын 70 жылға жуық уақыт бойы атқарып келеді. Клуб құрамында әлемнің 31 елінен құралған 3 мыңнан астам өкіл бар. Сол уақыттан бері жыл сайын әлемдегі ең үздік тау-шаңғы курорттарында клуб мүшелерінің дәстүрлі кездесулері өткізіліп келеді. Журналист-шаңғышыларды бүгінге дейін 74 ел қабылдаған.
Қазақстанның SCIJ-дегі тарихы 2012 жылдан бастау алады. Сол жылы еліміз алғаш рет Түркиядағы клубтың жыл сайынғы отырысына қонақ ретінде қатысқан болатын. Ал 2013 жылдан бастап үш адамнан тұратын қазақстандық команда Италияда өткен жиында SCIJ-ке ресми түрде қабылданды. SCIJ Kazakhstan клубы құрылғаннан бері 10 жыл ішінде қатысушылар саны 48 адамға дейін өсті.
Қазақстандық клубтың негізгі мақсаты – белсенді өмір салтын насихаттау, журналистерді және олар арқылы халықты қысқы спорт түрлеріне тарту, халықаралық аренада Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттау.