– Кейінгі кездері білім саласында миллиардтаған теңгені жымқыру туралы көптеген факті тіркеліп жатыр. Ең ауыры, бұл қаражатты жымқырған – қатардағы бухгалтер-есепшілер. Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы Премьер-Министр орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында салада жүйелі бақылау жасалмағандықтан осындай қылмыс көбейіп жатқанын айтты.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің мәліметі бойынша, осы саладағы есепшілер қолданатын заңсыз схема – жалақы қорынан ақша жымқыру фактілері. Оның ішінде, заңсыздыққа жол беріп, өз жалақысынан әлдеқайда жоғары жалақы тағайындалады, ресми тіркелмеген адамдарға жалақы аударылады. Сонымен қатар қызметкер пен оның карточкасы біріздендірілмеген. Бір қызметкерге заңсыз әрі бірнеше қаржы аударылады. Сондай-ақ, туыстары мен достарына ақша аударған.
Депутат жүйелі бақылау, әлі де орталықтан, ауданға, ауданнан ауылға дейінгі жүйелі байланыс болмағаннан осындай жағдай болып жатқанын айтты.
«Кедергісіз ұрлықтардың болуына қазіргі еңбекақыны есептеу және төлеу жүйесі де ықпал етті. Жергілікті қаржылық есепте ашықтық жоқ. Бұл «өлі жандарды» жұмыста ұстауға ғана емес, сонымен қатар «виртуалды» жұмысшыларды жұмысқа алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, Алматы, Түркістан облыстары, Талдықорған және Қызылорда қалаларының есепшілері сотталды. Кейбір азаматтар қылмыстарының әшкереленуіне байланысты өздеріне қол жұмсау, суицид фактілері көбейіп жатқан жағдайлар бар. Бұл өкінішке қарай, «қылмыстық марафонды» әшкерелеудің бастамасы ғана», – дейді Мәжіліс депутаты.
Қазақстан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша білім беру саласы көп жылдар бойы нағыз сыбайлас жемқорлықтың ордасына айналды. Тіпті, жүйеде жұмыс істейтіндер де, оны тексеретіндер де пара алды. Жақында ғана Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының бас инспекторының 26 миллион теңгені заңсыз алғаны да анықталды.Білім саласындағы бақылау комитетінің Оқу-ағарту министрлігі құрылымында орналасуына байланысты салалық бақылаудың сапасы төмендеп отыр.
«Бұл жағдай тек «ақшаға» қатысты емес екенін атап өткім келеді. Қазақстанның болашағы үшін білім беру саласы – әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық саласы. Біздің балаларымыздың білім сапасы саладағы жағдайдан зардап шегіп жатыр және бұл шығынды монетизациялау мүмкін емес. Білім беру ұйымдарындағы бухгалтерлік есептің бизнес-процестерін, яғни жүйесін қайта қарастыру қажет», – деп түйіндеді Болатбек Нажметдинұлы.