Президент қарымды қаламгер, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда.
Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетейік, Жұмабай Шаштайұлы 74 жасында қайтыс болды.
Еңбек жолын «Коммунизм жолы» газетінде бастап, 1980-1987 жылдары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде, 1987-1990 жылдары «Жалын» журналында жұмыс істеген.
1990-1992 жылдары Қазақ тілі қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары;
1992-1996 жылдары «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңтерушісі;
1996-2002 жылдары халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы;
2002 жылдан бастап «Қазақ радиосының» бас редакторы қызметін атқарды.
1982 жылы «Таң нұры» атты ұжымдық жинаққа «Қияда» атты алғашқы повесі енген. 1984 жылы шыққан «Қызыл қар» атты тұңғыш жинағы сол кездегі саяси басшылық тарапынан қатал сынға ілікті. Одан соң «Жала мен нала» (1987), «Жыр жолбарыс» (1996), «Біздің заманның Аяз биі» (1997) кітаптары жарық көрді.