Бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.
Заң жобасының екінші бөлімі қылмыстық процестің бәсекелестігін нығайтуды көздейді.
«Қылмыстық процестегі адвокаттардың рөлін күшейту ұсынылады, өйткені қорғаушының іс-әрекетінде бәсекелестік принципін жүзеге асырудың ерекшеліктері, ең алдымен, оның дәлелдеу процесіндегі белсенділігіне байланысты болады. Осылайша, қазіргі уақытта сотқа айыптаушы тарап қалыптастырған қылмыстық істер келіп түседі, бұл өз кезегінде судьялардың іс бойынша айыптауға ой қалыптасуына ықпал етеді», – деді А. Есқараев Мәжілістің жалпы отырысында.
Министрдің айтуынша, сот тараптардың өз мүдделерін қорғауда тең мүмкіндіктер мен процестік әрекеттерді қамтамасыз етуі қажет және адвокаттарға айыптау актісіне қарама-қарсы құжатты, қорғау актісін сотқа енгізу құқығын беруді ұсынды.
«Сондай-ақ, қылмыстық қудалау органдары бұқаралық ақпарат құралдарында күдіктінің фигурасын «жамандау» арқылы қоғамдық резонанс тудыратын және тергеу барысына әсер етуі мүмкін ақпаратты жариялай алатындықтан, Заң жобасында адвокатқа сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жарияламай, күдіктіге тағылған айыпты теріске шығаруды жариялауға мүмкіндік беру ұсынылады», – дейді министр.
Сондай-ақ, адвокаттың рөлі сараптама жүргізу кезінде айтарлықтай күшейтіледі: адвокат көшірмелерін алуға құқылы құжаттардың тізімі кеңейтіледі; адвокаттың тағайындалған сараптама бойынша барлық қосымша және нақтылайтын сұрақтары дереу сарапшыға жіберіледі; адвокат сараптама объектілерімен таныса алады.
Ұсынылған тәсілдер оның ішінде адвокаттар кедергісіз жұмыс істеуі үшін оларға қылмыстық іс материалдарын сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелгеннен бастап, сотқа жолдағанша толық қатысу мүмкін алу ұсынылды.
«Заң жобасында соттың өз бастамасы бойынша жекелеген іс жүргізу әрекеттерін тағайындау мүмкіндігін болдырмау арқылы қылмыстық процесте тараптардың бәсекелестігі артады. Бұл айыптау мен қорғауға өз талаптарын қорғау және қарама-қарсы тараптың талаптарына қарсы тұру үшін өз құқықтарын тең дәрежеде жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді А. Есқараев.
Бұған дейін Әділет министрі заң жобасындағы өзгерістердің бір бөлімі азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын айтқан еді.