Отырыста Премьер-Министр Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтан: «Өңірде ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту стандарттарының деңгейі республика бойынша ең төмен. Оның себебі неде?», – деп сұраған еді.
Өңір басшысының дерегінше, облыста 331 елді мекен бар. Оларда 235 мың адам немесе облыс халқының 38,7 пайызы тұрады. Өткен жылдың қорытындысында облыс ауылдарын нысан және қызметтермен қамту деңгейі 55,4 пайызды құрады.
«Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2023 жылы 2 ауыл, биыл 3 ауыл таратылды. Өткен жылы ауылдық аумақтарды дамытуға 35 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 14,2 млрд теңгені құрайтын 1 500 орындық 5 мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. «Ауылдық денсаулықты жаңғырту» жобасы аясында биыл 65 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынады. Ауыз сумен қамту үшін соңғы 2 жылда 4,2 млрд теңгеге 15 жоба іске асты. Биыл 8,5 млрд теңгеге тағы 16 нысанды іске қосу жоспарланған. Облыс құрылғалы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2022-2023 жылдары 13,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 65 ауылдық елді мекенде 9,1 млрд теңгенің 114 жобасы іске асты», – деді Нұрлан Ұранхаев.
Оның айтуынша, 21 әлеуметтік нысан, 31 коммуналдық шаруашылық нысаны, 163 шақырым кентішілік жолдар жөнделді. Облыстың 4 ауданы шекара маңында орналасқан. 42 елді мекен бар. 35 мыңға жуық адам тұрады.
14 ауылдың әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 1,8 млрд теңге бөлініп, 18 жоба іске асты. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы былтыр 2,1 млрд теңгеге 363 шағын несие берілді. 280 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Дипломмен ауылға» жобасымен баспана алуға 241 маманға 1,1 млрд теңге бюджеттік несие берілді. 575 көтерме жәрдемақы төленді.
«Жалпы, облысты дамыту кешенді жоспарына сәйкес, ауылдық аумақтарды дамытуға 145,2 млрд теңге көзделген. Жұмыс кезең-кезеңмен жалғасады», – деді облыс әкімі.
Осы орайда Үкімет басшысы Олжас Бектенов Абай облысының әкіміне жұмыс қарқыны жоғары болуы керектігін ескертіп, белсенді қызмет етуді тапсырды.