фото:ашықдереккөз
Бұл статистика eGov мобильді платформасында ғылымға қатысты азаматтар арасында сауалнама жүргізілу барысында анықталды.
Әлеуметтану деректері азаматтардың ғылым мен техника саласындағы жаңалықтарға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді. Респонденттердің басым көпшілігі (85,9%) ғылыми жаңалықтарды оқиды және көреді. Бұл ретте ғылымға қызығушылық танытатын ерлердің үлесі (89,1%) әйелдердің үлесінен (82,3%) сәл жоғары. Жас санаттары бойынша ғылымға қызығатындар 18-29 жас аралығындағы жастар (87,1%).
Респонденттер үшін қазіргі заманғы ғылымның ең танымал бағыттары медицина, биология және биотехнология (32,6%); ІТ-технологиялар, компьютерлер, электроника, робототехника (30,7%); психология, білім беру (25,2%); жаңа технологиялар, нанотехнологиялар (19,4%); автомобиль, машина жасау (17,1%).
Сауалнамаға қатысқандар үшін ең танымал ғылыми салалар медицина, IT-технологиялар және психология болды. Бұл тақырыптар да ғылыми зерттеулердің негізгі ағымына жүйелі түрде енетінін айта кеткен жөн. Респонденттердің 69,8 пайызы балаларының ғылым мен технология саласында жұмыс істегенін қалайды.
Қоғамдық бағалаулар бойынша Қазақстанның ең танымал ғалымдарының ТОП-ына Қаныш Сәтбаев (64,8%), Санжар Асфендияров (28,9%), Әлкей Марғұлан (15,7%) кіреді. Сауалнамаға бағалауы бойынша, Қазақстандағы ең танымал ғалымдар рейтингінде сөзсіз көшбасшы – Қаныш Сәтбаев. Сондай-ақ Қазақстандағы ең танымал ғалымдардың ТОП-та медицинаға үлкен үлес қосқан Санжар Асфендияров пен қазақтың археология және этнография мектебінің негізін салушы Әлкей Марғұлан бар.
Қазіргі қазақстандық ғалымдардың арасында респонденттер физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев пен биология ғылымдарының докторы, қазақстандық QazVac инактивтендірілген вакцина әзірлеушісі Күнсұлу Закарияны ерекше атап өтті.
Сауалнамаға еліміздің барлық өңірлерінен 20 725 адам қатысқан.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz