– Астана қаласының білім басқармасы Kazinform сауалына берген жауабында елордадағы үш ауысыммен және шамадан тыс жүктемемен оқытатын мектептердің оқыту тілі жөнінде мәлімет берді.
«Жыл сайын туу мен көші-қон есебінен мектеп оқушыларының саны арту үстінде. Соған сай Астанада үш ауысымда оқытатын 8 мектеп бар. Оның ішінде біреуі мемлекеттік тілде оқытады. Аралас мектептердегі 13 774 бала орыс сыныбында, 14 152 бала қазақ сыныбында сыныбында оқиды. 16 мектепте бала саны шамадан артық, оның ішінде үшеуі мемлекеттік тілде оқытады. Ондағы аралас мектептердегі 21 907 бала – орыс сыныбында, 22 498 бала – қазақ сыныбында оқиды» делінген басқарманың жауабында.
Қазіргі таңда қаладағы мемлекеттік мектептердің 35-і қазақ тілінде, 3-і орыс тілінде, 64-і аралас тілде білім береді.
«Қаладағы мемлекеттік тілде оқытатын 35 мектептің біреуі үш ауысыммен, үшеуі шамадан тыс жүктемемен, 31-і жобалық қуатына сай жүктемемен жұмыс істеп тұр. Орыс тілінде оқытатын 3 мектеп жобалық қуатына сай жүктемемен жұмыс істеуде. 64 аралас мектептің 7-уі үш ауысыммен, 12-сі шамадан тыс жүктемемен, 45-і стандартқа сай жүктемемен жұмыс істейді» деп жазылған жауапта.