Қазақстандық оқушылар EGMO-2024 қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиадада төрт медаль жеңіп алды,
Бүгін Цхалтубо қаласында (Грузия) EGMO-2024 қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Жарысқа 54 елден 212 оқушы қатысты. Қазақстан құрама командасында 4 оқушы мен 2 жетекші бар.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан командасының қоржыны 4 медальмен толықты:
- күміс медаль – Анастасия Одинцова, Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
- күміс медаль – Амира Кенбаева, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы;
- қола медаль – Арай Қасенова, Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы;
- қола медаль – Аружан Батырхан, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы.
Айта кетсек, EGMO алғаш рет 2012 жылы Кембриджде ұйымдастырылды. Қазақстан олимпиадаға 2017 жылдан бері қатысып келеді. Осы жылдарда құрама 3 алтын, 11 күміс, 12 қола медаль және 4 құрмет грамотасын иеленді.