– Лондондағы Қазақ орталығы және еріктілер тобы қазақша сөйлеу клубын ашты. Мақсаты ұлы Абай тілін меңгергісі келетін шетелдіктер мен қандастарымыздың басын біріктіріп, тілдік орта қалыптастыру.
Клубтың тұсаукесер рәсіміне Kazinform-ның Тұманды Альбиондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы қатысып қайтты.
Стив Скрютин – қаржы саласының маманы. Ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Енді міне қазақ тілін меңгергісі бар. Шаруаларын ысырып қойып, бүгін осында келді. Сөйлеу және тілді түсіну дағдыларын жетілдіру үшін көп еңбектену керектігін Стив мойындайды.
«Мен енді бастап жатырмын. Өзіммен деңгейлес тіл үйренушілерді таптым. Бұл тілді тез меңгеруіме көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Өйткені сөздік қорың және тілдік базаң олармен бірдей болады», – дейді Стив Скрютин.
Шетелдіктердің қазақ тілін үйренудегі мақсаты әр-алуан. Бірі Қазақстанға туристік сапармен барғысы келеді. Енді бірінің жұбайы қазақ ұлтынан. Қазақтілді адамға ғашық болып қалғандар да кездеседі. Тағы бірінің қазақ авторларының шығармаларын түпнұсқада оқып, түсінгісі бар.
«Ағылшын тілінің мұғалімі болған соң басқа тілдерді де меңгергім келеді. Қазақ тілінің дыбысталуы өте ұнайды. Өткен жылы өздігіммен үйренуге тырыстым. Бірақ олай қызық емес екен. Дыбысталуын есте сақтау қиын және ешкіммен сөйлесе алмайсың», – дейді ағылшын тілінің мұғалімі Себастьян Данн.
Қазақша сөйлеу клубына тек шетелдіктер ғана емес отандастарымыз да мүше. Олар ана тілін толық меңгермегендерін ар санап, осында келген. Сондай-ақ басқа мемлекетте туған қандастарымыз да тіл білімдерін жетілдіріп жатыр.
«Қазақпын ғой. Үйде де әке-шешем қазақша ғана сөйлеткізеді. Сондықтан қазақшаны білу өте маңызды деп ойлаймын. Өзім Қытайдан келдім. Қытайда қытайша сөйлеймін. Бірақ үйде басқа тіл қолданбаймыз. Ана тілімді өте жақсы көремін», – дейді студент Қымбат Мәдениетқызы.
Клуб мүшелері деңгейлеріне қарай шағын топтарға бөлініп, бірнеше үстел басына отырды. Түрлі тақырыптарда талқылауларға қатысып, сенімділіктерін арттырды. Шараның ұйымдастырушылары Ұлыбританиядағы қазақ орталығы және еріктілер тобы. Олар ғимарат жалдау шығындарын, оқу-әдістемелік құралдарын дайындау жұмыстарын өз мойнына алған.
«Менің Англияда тұрып жатқаныма 24 жыл болды. Жолдасым ағылшын ұлтынан. Балаларым ересек, өсіп кетті, қазақшаны дұрыс білмейді. Жолдасым үйреніп жүр. Енді оларға үйренетін орта керек. Қазақстанмен байланысымызды, мәдениетімізді жоғалтпауға, елімізбен тығыз байланыста болу үшін осындай қадамға барып отырмыз», – дейді қазақша сөйлеу клубының ұйымдастырушысы Әлия Қанатбекқызы.
Қазақша сөйлесу клубының тұсаукесер рәсімінде жастар мың бұрала би биледі, домбырамен құйқылжытып, күй орындады. Ұлы Абайдың өлеңдерін қазақ және ағылшын тілдерінде оқыды. Клубқа қатысу тегін. Бастапқыда айына бір рет бас қосу жоспарланып отыр. Көкке шығып, таза ауада тіл үйрену де ойда бар. Сұраныс артса, кездесулер жиірек өткізілмек.