– Дәстүрге сай 18 мамырда сағат 18:00-00:00 аралығында Қазақстан Ұлттық музейінде халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні» акциясы шеңберінде «Музей – құндылықтар мекені» атты мәдени-танымдық іс-шара өтеді.
Іс-шараның мақсаты – рухани-мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әр түрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну. Музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау.
Бұл күні таңғы сағат 10:00-нан бастап «Балдырған гид» шолу экскурсиялары, Ұлттық музейдің ғылыми жобалар аясында жарық көрген кітаптардың тұсаукесері, картина мен мүсін туындыларына көшірме жасаудан шеберлік сыныбы мен Ұлттық музейдің жобалары аясындағы музейлік сабақтар өтеді.
Сағат 16:00-де ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Рафаэль Слекеновтің «Тәңір нұры» атты жеке көрмесі ашылады.
Сағат 18:00-ден бастап музей қонақтарына Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының концерті, қолөнершілер жәрмеңкесі, «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» мен «Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі» көрмелері, Ұлттық музейдің Консервация және қалпына келтіру қызметінің шеберлік сабақтары, «Музей қорындағы атақты тұлғалар домбырасының үнін жаңғырту» атты лекция-концерт ұсынылады.
Сонымен қатар көрермен үшін театрландырылған экскурсия, ақындар айтысы мен «Жұлдызды гид. 10 жұлдыз. 10 жауһар» шоу-жобасы ұйымдастырылады. Мәдени-танымдық іс-шара «Crossfire Show» қойылымымен аяқталады.
Аталған мәдени іс-шара Ұлттық музейде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы келушілер саны 48 мыңға жуықтады.
Айта кетейік, «Халықаралық музей күні» мерекесі 1977 жылы халықаралық музейлер кеңесінің бас конференциясында бекітілген. Сол жылы алғашқы «Музей түні» іс-шарасы Берлин қаласында өтті.