– Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Маралды ауылының көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Барлығы үш шақырымға жуық ауылішілік жол асфальтталады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен Маралды ауылын абаттандыру, жарықтандыру, ауызсу тарту және жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынған.
«Қазіргі уақытта 300 метрге жуық жолға асфальт төселді. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр», – дейді «ОблШығысЖол» ЖШС өкілі Бағлан Ұябаев.
Маралдыны бұдан бөлек бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Аталмыш елді мекен мен аудан орталығын байланыстыратын 75 шақырым жолдың 12,5 шақырымына асфальт төселген. Биыл Жол жылы аясында тағы 15 шақырымы асфальтталады.
«3 жылда кезең-кезеңімен 15 шақырымға асфальт төселеді. Биыл Күршім-Қалжыр бағытындағы 131 шақырым жолдың 75-91 шақырымы, 106-121 шақырымы аралығы асфальтталады. Осылайша, жыл көлемінде Күршім ауданында жалпы ұзындығы 46 шақырым жолға асфальт төселмек», – дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Сондай-ақ елді мекенде 1,6 шақырым жол бойына жарық тартылады. Қазір бұл жұмыс бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Оған қоса қыста хоккей қорабы, ал жазда футбол алаңы болатын әмбебап нысан құрылысына дайындық жүргізіліп жатыр.
Маралды ауылындағы мектептің жағдайы көңіл көншітерлік. Оқу кабинеттері қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Облыстық Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева мектептің әдістемелік базасы да нығайтылғанын айтады.
Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункт жаңартылған. Енді жергілікті учаскелік полиция пункті жөнделіп жатыр.