АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында еліміздің ұлттық саябақтары мен табиғатына ұқыпты қарауға бағытталған жобаларға арналған Winds of Change иммерсивті көрмесі болды.
Көрме Манхэттендегі The Canvas 3.0 галереясы мен дүкенінде Qazaq National Parks қолдауымен ұйымдастырылды.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Winds of Change көрмесі – еліміздің ұлттық саябақтарының сұлулығын көрсету ғана емес, сонымен қатар оны жан-жақты насихаттау, болашақ ұрпақ үшін табиғи мұраны сақтап, жаһандық экологиялық өзгерістерге үлес қосу.
Winds of Change көрмесінде америкалықтарға ұлттық табиғи саябақтар бірегей креативті жобалар арқылы таныстырылды.
Көрмеде үш жобаны таныстырдық. Атап айтқанда, «Іле-Алатау тарихы» кітабы туралы айттық. Ол – ұлттық саябақ туралы әңгімелердің жинағы. Кітаптың басты кейіпкерлері – өз өмірін табиғатпен байланыстырған нақты адамдар: ғалымдар, зоологтар, ботаниктер, археологтар, гляциологтар, астрономдар, орманшылар мен аңшылар, альпинистер, туристер мен еріктілер.
Екінші жобамыз – «Адам-Табиғат» жобасы. Бұл – лэнд-арт инсталляциясы, қазіргі адам табиғаттың бір бөлігі болып қала ма деген сұрақты зерттейтін жоба. Қысқартылған, бірақ өте символдық «ТЖ» деген атаумен де белгілі жоба бір кездері Аюсай шатқалында туристер қалдырған қоқыспен таулардың бітелуінің өзекті мәселесін көтереді. «ТЖ» – Алматы тауларындағы Wild Nature Volunteers еріктілердің қоғамдық сенбіліктер кезінде тапқан винтажды қоқыстарға (20-70 жас аралығындағы) арналған көрме.
Үшінші жоба – The ROOTS. Бұл жобада адамның қолындағы нәзік табиғаттың үш бейнесі адам мен табиғат арасындағы үйлесімділіктің маңыздылығы көрсетіледі, – деді ол.
Көрме кураторы Наргиз Магаеваның пікірінше, ұлттық саябақтар – жусанның иісі, шөлді желдің сыбдыры және таулы аңғарлардың гүлденген алқаптары.
Көрмеге келушілер Шарын, Алтын-Емел және Іле-Алатау ұлттық парктеріне арналған Qazaq National Park өнімдерін сатып алды.