Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған Жаннұр Еңсебекті құттықтап, ата-анасына алғыс білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сондай-ақ ол түлекті дайындаған ұстаздардың рөліне де тоқталып өтті, деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Жаннұрдың ҰБТ-да жоғары көрсеткіш көрсетуі – бұл еңбекқорлықтың, шыдамдылық пен ынтаның нәтижесі. Бұл ретте ата-ананың қолдауы, қамқорлығы мен балаға деген сенімін де айта кету керек. Сондай-ақ мұғалімдердің де кәсібиліктері және жұмыстарына деген адалдықтарының арқасы. Бұл қуанышты сәт өміріңіздегі жаңа жетістіктер мен жеңістердің бастамасы болсын! – деді Саясат Нұрбек өз сөзінде.
11 жыл үздік оқыған түлек – «Алтын белгіге» үміткер. Ол ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша Алматы облысының Есік қаласында тапсырған.
Бұған дейін тағы бір талапкердің – Қосшы мектебінің түлегі Айым Ержанованың да ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинағаны туралы жазған едік.