Нұртөре Жүсіп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды саяси жаңғырту бағдарламасы туралы жүздесушіге айтып берді.
«2022 жылы тарихи конституциялық референдум өтіп, негізгі билік институттары жүйелі түрде қайта жаңғыртылды. Реформалардың нәтижесінде Сенат өңірлердің мүдделерін қорғайтын Палата ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда Парламент жұмысындағы негізгі басымдық – Президентіміздің бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Парламент соған сәйкес бірқатар маңызды конституциялық заңдар қабылдады», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Тараптар парламентаралық, сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытудың келешегін де талқылады.
Хамза Махмуд Юсеф Әл-Омари өз кезегінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалады және Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.