– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстандағы сапары қарсаңында СИНЬХУА агенттігіне берген сұхбатында екі елдің арасындағы сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізу әбден орындауға болатын меже екенін айтты.
«Қытай Халық Республикасы сауда мен инвестиция саласында Қазақстанның жетекші серіктесі ретіндегі орнын сақтап отыр. 30 жылдан асатын қарым-қатынастың арқасында қос елдің арасындағы сауда айналымы 100 есе өсіп, 2023 жылы 41 млрд долларға жетті. Бұл тарихи рекорд болып есептеледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстандағы ірі инвесторлардың алғашқы төрттігіне енді. 2023 жылы бұл ел 2 млрд долларға жуық тікелей инвестиция салған. Бұл 2022 жылдың көрсеткішінен 16,4 көп. Жалпы Қазақстан экономикасындағы Қытай инвестициясының жиынтық көлемі 25 млрд доллардан асты», – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде Қазақстанда 4 700-дей қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді.
«Бұдан бөлек қаржы секторындағы бірлескен қызметіміздің аясын кеңейтпекшіміз. Ол үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Бүгінде бұл орталықта 78 елден 2 800-ге жуық шетелдік компания тіркелген. Оның оннан бір бөлігі Қытайдан», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай тарабының «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын тұтастай қолдайтынын айтты.
«Біз алдымызға Қытаймен арадағы көпқырлы қарым-қатынасты ары қарай тереңдету бағытында өршіл жоспарлар қойып отырмыз. Оған қажетті алғышарттар мен жағдайдың бәрін жасап жатырмыз. Өзара ықпалдастықтың қазіргі жоғары қарқынын ескерсек, арадағы сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізу толықтай қол жеткізуге болатын меже», – деді Мемлекет басшысы.