Алматылық кардиологтер жүрек тамырының зақымдануы 99,9%-ды құраған науқасты аман алып қалды,-дейді Aikyn.kz сайты. Бұл туралы Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Науқас Алматы қалалық кардиологиялық орталығына жіті миокард инфарктімен ауыр күйде келіп түскен. Шұғыл коронарографияны орындау нәтижесінде жүректің басты тамыры діңінің 99,9 пайызға зақымданғаны, сондай-ақ бұрын орнатылған үш шунттың біреуі ғана жұмыс істегені анықталды.
Алматы қалалық кардиологиялық орталығының интервенциялық кардиологі Айжан Құланбаеваның айтуынша, науқас орталықта 20 күн болған. Мұндай жағдай өте сирек кездеседі.
Ота үш сағаттан астам уақытқа созылып, дәрігерлердің бүкіл командасы пациенттің өмірін құтқаруға бар күшін салды. Дәрігерлердің кәсібилігі мен жедел әрекеттерінің арқасында науқастың жағдайын тұрақтандыруға және қажетті ем-дом жасауға мүмкіндік туған. Пациент қазіргі уақытта үйге шығарылды.