– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Астана саммитінде қандай қорытынды құжаттарға қол қойылатыны, Ұйым аясын кеңейту және ШЫҰ-ны реформалау мен қызметін оңтайландыру жоспарлары жөнінде айтып берді.
– Бүгін Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде Астанада ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының саммитін өткізеді. Бұл саммитке дайындық қалай жүрді және шараның рөлі мен маңызын қалай бағалар едіңіз? Астана саммитінде қандай құжаттарға қол қойылады?
– ШЫҰ Хатшылығы қазіргі төраға Қазақстан Республикасының қолдауымен 4 шілдеде Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына толыққанды әзірленуге кейінгі бір жыл бойы көмек көрсетті. Қазір саммитке дайындық қарқынды жүрді. Астана саммиті ШЫҰ тарихындағы тағы бір прагматикалық және табысты жиынға айналарына, қазіргідей тұрақсыз және күрделі халықаралық жағдайда ұйымның салауатты дамитынына сенімдіміз.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары «Астана декларациясын» қабылдаумен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы саммитте ұсынған «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы әлемдік бірлік туралы» бастамасы және «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің ШЫҰ тату көршілік, сенім және трансшекаралық әріптестік қағидаттары туралы мәлімдемесі» (өзбек жобасы) сияқты түбегейлі жаңа құжаттар пакетін қарайды.
Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық – ШЫҰ құрылған кезден бері табанды және үздіксіз нығайып келе жатқан басым бағыт. Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында терроризмге қарсы іс-қимыл, есірткіге қарсы қызмет, трансшекаралық ұйымдасқан қылмыстың жолын кесу, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша жаңа уағдаластықтар орнатылады деп жоспарланған.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық пен гуманитарлық қарым-қатынас мүше мемлекеттердің көшбасшылары мен халықтарының назарын аударып, үміттерін арттырып келеді. Саммитте ұйымның кезең-кезеңімен даму стратегиясы, энергетика, инвестициялар және қаржыландыру, қоршаған ортаны қорғау және экология, сондай-ақ туризм сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастық қарастырылады.
ШЫҰ-ның дамуы – мүше мемлекеттер баса мән беретін және барлық тараптың назарында болатын бағыт. Мемлекет басшылары ШЫҰ Бас хатшысының 2023-2024 жылдардағы ШЫҰ қызметі туралы баяндамасын және жаңа мүше мемлекетті қабылдау мәселесін қарайды, «ШЫҰ отбасы» елдерімен ынтымақтастықты нығайту мәселелерін, сондай-ақ ШЫҰ қызметін жетілдіру туралы Самарқан саммитінің шешімін талқылайды. Бұдан басқа, ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін екі органы басшысының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Мемлекет басшылары кеңесі Өңірлік терроризмге қарсы құрылымның Атқарушы комитетінің Бас хатшысы мен директорын жаңа мерзімге тағайындау туралы шешім қабылдайды.
Кездесу барысында жаңа «ШЫҰ+» форматында «Көпжақты диалогті нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбында қызықты әрі мазмұнды пікірталас өтеді. Оған ШЫҰ байқаушысы Моңғолия, төрағалық етуші тарап – Әзербайжан Республикасы, Қатар Мемлекеті, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия Республикасы және Түрікменстанның лауазымды өкілдері, БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерриш, ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ және ЕАЭО атқарушы органдарының басшылары, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының Бас директоры қатысады.
Бұл шара – Қазақстан төрағалығы шеңберіндегі ШЫҰ органдарының соңғы отырысы, оны серіктестер жоғары кәсіби деңгейде өткізетініне сенімдіміз. Хатшылық өз тарапынан мүше мемлекеттерге ШЫҰ шеңберінде жоғары деңгейдегі кездесуді ұйымдастыруға барынша көмек көрсетуге дайын.

– Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы шеңберінде 2024 жыл Ұйымның Экология жылы болып жарияланды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экологиялық ынтымақтастығының келешегі мен қазіргі жобалары туралы толығырақ айтып берсеңіз, су үнемдеу саласындағы ынтымақ қай деңгейде?
– Қазіргі уақытта жаһандық климаттың өзгеруі белең алып келеді, бүкіл әлемде экологиялық апаттар жиі байқалып отыр, бұл барлық елдердің дамуы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. ШЫҰ кеңістігінде де су ресурстарының тапшылығы мен біркелкі бөлінбеуі, су тасқыны, жердің шөлейттенуі мен сортаңдануы, Арал теңізінің экологиялық дағдарысы және жиі болатын төтенше ауа райы сияқты бірқатар өзекті сын-қатерге тап болып отырмыз. Сондықтан ШЫҰ орнықты даму бағытын берік ұстанады, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік және климаттың өзгеруі, табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы ынтымақтастыққа зор мән береді. Бұл маңызды бағыттар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасында және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген.
Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде біздің ұйымның экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге маңызды мән беріліп келеді, әлемдік қоғамдастық назарын экологиялық проблемаларға аударуда қарқынды жұмыс жүргізілді. Қазақстан тарапының бастамасымен мүше елдер ғылыми-техникалық ынтымақтастық, білім беру және кадр даярлау, ақпарат және тәжірибе алмасу, қоршаған ортаны қорғау және мониторинг саласындағы «жасыл» қаржыландыру, экологиялық қауіпсіздік, биоалуандық, климаттың өзгеруі, қалдықтарды басқару, энергия үнемдеу және шығарындыларды азайту сияқты салаларда мазмұнды өзара іс-қимылды күшейтуде және түрлі жобаларды іске асыра бастады.
2023 жылы 26 қазанда қабылданған «ШЫҰ Экология жылы» іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің отырысында дөңгелек үстелдер, семинарлар, интерактивті ойындар, экологиялық акциялар, білім беру дәрістері сияқты түрлі сипаттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Олар ШЫҰ кеңістігін тұрақты және жасыл дамыту үшін экологиялық ынтымақтастық уағдаластықтарын кеңейтуге бағытталды.
ШЫҰ Хатшылығы да мүше мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өзара іс-қимылды дамыту бастамаларын іске асыруға үлес қосады. Біздің қолдауымызбен 2023 жылы желтоқсанда «Жасыл экономикаға жол: ШЫҰ өңіріндегі орнықты даму стратегиялары» атты жастар конференциясы, 2024 жылы сәуірде «Жаһандық климаттың өзгеруі» тақырыбында «ШЫҰ моделі» интерактивті ойыны өтті. 2024 жылдың ақпанында «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі экологиялық қауіпсіздік» атты дөңгелек үстелге қатыстық.
2024 жылды «ШЫҰ Экология жылы» деп бекіту шешімін іске асыру мақсатында 8 шілдеде Циндао қаласында (Шаньдун провинциясы, ҚХР) ШЫҰ елдерінің «Жасыл» даму жөніндегі форумында «ШЫҰ Экология жылы 2024» кіші форумын ұйымдастырамыз. Оған екі панельдік сессия кіреді: «ШЫҰ елдерінің негізгі экологиялық сын-қатерлері және оларды жеңудегі практикалық тәжірибесі» және «ШЫҰ елдерінің жаһандық биоалуандықты басқару бойынша күш-жігері». Бұл форум ұйымға мүше елдер арасындағы экологиялық ынтымақтастықты талқылау үшін жаңа платформа мен мүмкіндіктер тудырарына сенімдімін.
Суды үнемдеу – ШЫҰ экологиялық және табиғатты қорғау ынтымақтастығының маңызды және басым бағыттарының бірі. ШЫҰ-ға мүше елдер қандай да бір дәрежеде су ресурстарының жетіспеушілігі, олардың біркелкі бөлінбеуі және ластануы проблемаларымен ұшырасып отыр. Суды үнемдеу ШЫҰ кеңістігінің өркендеуі мен тұрақтылығы негіздеріне ықпалын тигізеді. Ұйым мүшелері бұл мәселеге үлкен мән береді және оны жоғары деңгейде қарауды және шешуді ұсынады.
Астанада өтетін ШЫҰ мемлекеттерінің басшылары кеңесінің алдағы отырысында кеңестің «Ауыз су қауіпсіздігі мен санитариясын қамтамасыз ету туралы» мәлімдемесі қабылданады деп күтіліп отыр. Құжатта су ресурстарын орнықты дамыту мен ұтымды пайдалануға, басқаруды интеграциялауға, суды тиімді және ұтымды пайдалануды насихаттаудың өзектілігіне, сондай-ақ баршаға қауіпсіз ауыз суға, санитария мен гигиенаға қолжетімділікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейту қажеттігіне баса назар аудару керегі аталып өткен. Осы саладағы өзара іс-қимылдың кең ауқымын қозғайтын экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы құжаттардың бірнеше жобасы келісілді және бекітілді. Бұл құжаттарда ШЫҰ кеңістігінде «жасыл» орнықты дамуды іске асыру бағыттары көрсетілген және тиімді шаралар әзірленген.
ШЫҰ мемлекеттері өз кеңістігіндегі озық су үнемдеу және суару технологияларын тарату жұмыстарына ерекше көңіл бөледі.
2019 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен Янлин қаласында (Шэньси провинциясы, ҚХР) ШЫҰ аграрлық технологиялармен алмасу және оқыту жөніндегі демонстрациялық базасы құрылды, ол соңғы 5 жылда ШЫҰ кеңістігінде Қытайдың озық су үнемдеу, ирригациялық және басқа да ауыл шаруашылығы технологияларын тарату мен енгізуде маңызды рөл атқарған және мүше мемлекеттерде су ресурстарын сақтауға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан.
Одан бөлек, ШЫҰ су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа зор мән береді. ШЫҰ Хатшылығы ФАО-мен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды, оның негізгі элементтерінің бірі – су ресурстарын тұрақты басқару саласында алмасу мен ынтымақтастықты жүзеге асыру. Жақында мен Тәжікстан Республикасы ұйымдастырған Душанбе қаласындағы «Су 2018-2028 жылдардағы тұрақты даму үшін» халықаралық іс-қимыл онжылдығы бойынша жоғары деңгейдегі үшінші Халықаралық конференцияға қатыстым. Бұл шара халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары бағасын алды.

– Қазақстан Ұйымға төрағалық ету кезеңінде Алматы қаласы «ШЫҰ туристік және мәдени астанасы» деп жарияланды. ШЫҰ-ға қатысушы елдер арасында туризм саласындағы ынтымақтастықтың дамуын және ШЫҰ кеңістігіндегі туристік әлеует перспективасын қалай бағалар едіңіз?
– Мәдени өзара іс-қимыл және туристік ынтымақтастық ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде халықтарды жақындастыруға және дос елдердің экономикасын дамытуға жәрдемдесуде бірегей рөл атқарады.
Өткен 2023 жыл «ШЫҰ туризм жылы» болып жарияланған еді. Қазіргі төраға Қазақстан Республикасы мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастыққа үлкен мән береді. ШЫҰ туризм жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары және «Алматы – ШЫҰ туристік және мәдени астанасы» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде 20-дан астам мәдени және туристік шара ұйымдастырылды, оның ішінде ШЫҰ халықаралық туристік форумы, «Азия дауысы» халықаралық музыкалық фестивалі, Халықаралық қонақ үй форумы, Globe балеті, Шахматтан ШЫҰ кубогы бар. Бұл шаралар қазақстандық тараптың және тұтастай алғанда ШЫҰ-ның мәдени-туристік брендін қалыптастыруға ықпал етті, сондай-ақ ШЫҰ-ның мәдени-туристік ынтымақтастығын тереңдетуде маңызды рөл атқарды.
Өткен жылдың қараша айында ШЫҰ Хатшылығы Үрімші қаласында ШҰАА халық үкіметімен бірлесіп «ШЫҰ форумы 2023 – туризм жылы» жиынын өткізді. Бұл шара ШЫҰ елдері арасындағы туризм саласындағы өзара іс-қимылды дамыту және өңіріміздің туристік әлеуетін ашу жөніндегі бастамаларды талқылау үшін маңызды алаң болды.
Биыл 24 мамырда Алматы қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің туристік әкімшіліктері басшыларының кезекті кездесуі өтті, оған мен де қатыстым. Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ туризм саласындағы 2024-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды, ол мүше мемлекеттер үшін туристік ынтымақтастық бағыттарын одан әрі ашу, зерделеу, тереңдету және жетілдіру жөніндегі нақты жол картасын білдіреді. Біз мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерімен ШЫҰ-ның туристік ынтымақтастығы қарқынды дамитынына, ал халықтарымыз ШЫҰ ынтымақтастығының артықшылықтары мен тиімділігін сезінетініне сенімдіміз.
Жақын күндері Астанада өтетін ШЫҰ саммитінде Циндао қаласына (ҚХР) «ШЫҰ мәдени және туристік астанасы» мәртебесін беру туралы шешім қабылданады деп жоспарланып отыр. Циндао – мәдени мұрасы бай тарихи қала және Қытайдың ірі заманауи порты. Қытай тарапы Циндао қаласында ШЫҰ туристік ынтымақтастығының жаңа деңгейге шығуына көмектесетін жоғары кәсіби деңгейде бірқатар мәдени және туристік іс-шара ұйымдастыратынына сенеміз.
– Жақында ШЫҰ іс-шаралар алаңында ұйымды одан әрі реформалаудың және қызметін оңтайландырудың маңыздылығы туралы айтылды. Бұл бағытта жағдай қалай? Астанада саммитінде осы аспектілер қозғала ма?
– ШЫҰ құрылғалы жиырма жылдан астам уақыт өтті, бұл аралықта барлық салада елеулі жетістіктерге қол жеткізілді және халықаралық жағдайда айтарлықтай өзгерістер болды. Сіз атап өткендей, мүше мемлекеттер ШЫҰ қызметін жетілдіруді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырады және оны ілгерілету үшін бар күшін салады. Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі және ұйымның басқа да маңызды механизмдері деңгейінде жүргізіледі.
Бұл процесс 2022 жылы Самарқан саммитінде мүше мемлекеттердің басшылары ШЫҰ қызметін жетілдіру туралы шешім қабылдаған сәтте іске қосылды. ШЫҰ Хатшылығы ұйымның негізгі атқарушы органы ретінде мүше мемлекеттер басшыларының тапсырмаларын белсенді орындайды, Самарқан саммитінен кейін ШЫҰ жұмысын жетілдіру жөнінде ұсыныстар берді.
2023 жылы наурызда Астанада қазақстандық тараптың төрағалығымен осы тақырып бойынша алғашқы сараптамалық консультациялар өтті, оның қорытындысы бойынша бұл жұмысты Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің, Сыртқы істер министрлері кеңесінің және мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырыстарында қарау ұйғарылды.
Қазіргі уақытта ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер осы мәселе бойынша бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді және белгіленген жоспар бойынша тиісті жұмысты ілгерілетіп келеді. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатқандықтан, мен барлық мәліметті ашық айта алмаймын. Дегенмен, мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерімен ШЫҰ-ны жаңғырту мен реформалаудың перспективалы және сындарлы жоспарын әзірлей алатынымызға сенімдімін, бұл Ұйымымызға заманнан қалыспауға және мүше мемлекеттердің халықтарына көбірек пайда әкелуге көмектеседі.

– Астана саммитінде Беларусь Республикасы ШЫҰ-ға толыққанды мүше болып қосылмақ. Ұйымды кеңейту бойынша тағы қандай жоспарлар бар?
–Беларусь Республикасының ШЫҰ-ға толыққанды мүше ретінде кіру процесі 2022 жылы Самарқан саммитінде басталды. Бұл процесс Астана саммитінде аяқталады деп отырмыз, яғни Беларусь Республикасы ұйымның 10-шы мүше мемлекеті атанады.
Әзірге ШЫҰ-ның 11-ші мүшесі кім болатыны ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселе емес. Біз бірқатар елден диалог бойынша серіктес мәртебесін алу туралы өтінімдер алдық, сондай-ақ кейбір диалог серіктестері бақылаушы мәртебесіне ауысқысы келетінін білдірген. Осы мәселенің барлығы Ұйымның қызметін жетілдіру аясында талқыланады.
Айта кетерлігі, біз көздеген мақсат – ШЫҰ мүшелерін көбейту емес, Ұйымның әртүрлі саладағы ынтымақтастығын дамытудың объективті нәтижесі, қағидаттары мен мақсаттарының әмбебаптығын және тартымдылығын тікелей көрсету. ШЫҰ-ның кеңеюі қазіргі әлемде көпполярлылық тенденциясына маңызды серпін беріп, Ұйымның халықаралық және өңірлік істерде аса маңызды рөл атқаруына мүмкіндік береді деп ойлаймын.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Орталық Азия өңірін нығайтудағы рөлін қалай бағалайсыз?
– Орталық Азияның төрт елі – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ШЫҰ-ның негізін қалаушы елдер, Ұйымды дамытудың қозғаушы күштері мен белсенді қатысушылары саналады, түрлі саладағы ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге елеулі үлес қосып келеді. Орталық Азияның «ШЫҰ ядросы» мәртебесі Душанбе декларациясында, Самарқан декларациясында, Нью-Дели декларациясында және ШЫҰ-ның басқа да маңызды құжаттарында бекітілген. Құжаттарда мүше мемлекеттер өз елдерінде және тұтастай өңірде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін қолдайтыны, осы өңірдің тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі нығайтуда ШЫҰ-ның белсенді рөлін жақтайтыны айтылған. Бұл – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Орталық Азия өңірінің стратегиялық мәртебесіне және оның ШЫҰ кеңістігіндегі рөліне қатысты консенсусы.
Орталық Азиядағы тұрақтылық пен экономикалық даму – ШЫҰ елдерінің қауіпсіздігі мен өркендеуінің кепілі, мұнда Орталық Азия елдері мен басқа да мемлекеттер арасындағы түрлі деңгейдегі, түрлі форматтағы және түрлі саладағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық құпталады. Біз Орталық Азия елдерінен ШЫҰ дамуын белсенді қолдауды, «ШЫҰ отбасы» саналатын өзге елдермен қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуды, елдер мүдделерінің интеграциясын тереңдетуді және өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізуді күтеміз, бұл өз кезегінде ШЫҰ-ның дамуына және оның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын нығайтуға септігін тигізеді.