Notice: Trying to get property 'child' of non-object in /var/www/altyalash.kz/data/www/altyalash.kz/wp-content/themes/caspian_life_kz/class/ContentTag.php on line 45
Осы күндері елордада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр Сонау 1996 жылы «Шанхай бестігі» деген атаумен негізі қаланған ұйым, енді бүгіннен бастап «Шанхай ондығына» айналды. Жер шарының 43%-ы қоныстанған аумақты алып жатқан бұл ұйымнан өңірлік геосаясатты өзгертуге ықпал ете алады ма деген үмітіміз көп.
Саммитте бірқатар мемлекет басшылары сөз сөйледі. Айтулы шараның ұйымдастырушы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бойы Ұйым аясында қандай жұмыстар атқарылғаны туралы есеп берді.
Соның ішінде маңызды бағыттардың бірі – сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуде қандай жұмыстар атқарылғанына кеңінен тоқтала кетейін.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір әлемдік экономикада жағымсыз үрдістер белең ала бастады. Бұл жағдайды Дүниежүзілік банк алдын ала болжап, биыл жаһандық экономиканың өсім қарқыны бәсеңдейтінін айтыпты. Осы жағдайды назарға алған Тоқаев саммитте әлем экономикасының өсіміне серпін беретін жаңа бағыт және мүлде басқа даму парадигмасы қажет деген ұсыныс айтты.
«Сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері. Өзара сауда-саттықтың артуы ШЫҰ кеңістігі үшін ортақ үрдіске айналып келеді. Мәселен, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайызға өсті. ШЫҰ-ға мүше елдердің технологиялық базасы үлкен және экономиканың барлық маңызды секторларын дамыту үшін орасан зор нарығы бар»- деп атап өтті.
Бұл ретте, арнайы салық, кеден және көші-қон режимдерінің әзірленуі аталған бағытта ілгерілеуге айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ аясында Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы ұсыныс білдіріп отыр. Бұған қоса, инвестициялық жобаларды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажеттігі айқындала түсті. Қазақстан Президенті өз ұсынысын «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында жүзеге асыруға болатынын айтады. Өйткені, АХҚО резиденттерінің 20 пайызы – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің компаниялары екен. Қаржы орталығы шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасай алады. Бұл үшін де, инвесторлар үшінде тиімді болмақ.
Саммитте Тоқаев тоқталған екінші маңызды мәселе – тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайту.
«Біз Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын және «Солтүстік – Оңтүстік», «Орталық Азия – Оңтүстік Азия» бағыттары бойынша трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға баса мән береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды», – дейді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың бұл мәселеге ерекше мән беріп отырған себебі – біз Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз. Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстырып отырмыз. Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді екен. Осыны тиімді пайдалану жағын жан-жақты ойластырып жатыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның экономикалық тұрғыда дамуына жақсы мүмкіндік.
Таяуда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин Қазақстанның бір жылдық жұмысын жоғары бағалап, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде экологиялық мәселелерге ерекше мән берілгенін айтыпты. Қазақстан тарапының бастамасымен ғылыми-техникалық экологиялық қауіпсіздік, биоалуандық, климаттың өзгеруі, қалдықтарды басқару сияқты бағыттарға басымдық берілген. Бұл бағытта Қазақстан үндеуіне ШЫҰ-на мүше елдер құлақасуға мүдделі болып отыр.
Қазақстанның ШЫҰ-на қатысуының маңызды аспектілерінің бірі- мәдениет, білім, ғылым және туризм саласындағы ынтымақтастық болып табылады. ШЫҰ-на қатысу экономикалық, саяси, мәдени және білім беру салаларында үлкен пайда әкелетіні анық. Мұның бәрі елдің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға, даму мен ынтымақтастық үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді
Нравится
Комментировать
Отправить
Поделиться