Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарМәдениетӨнер

«Елдік рухым – домбыра»: «Жастар рухының» белсенділері мерекелік концерт ұйымдастырды

«Алтын домбыра» өнер орталығының 500-ге жуық шәкірті қазақтың әйгілі күйлерін шертіп, патриоттық әндерді шырқады. Ашық аспан астындағы өнер кеші бас қаладағы Мәдениет және демалыс саябағының аумағында өтті. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қасиетті домбыра атадан балаға мирас болып, арқауы үзілмей келе жатқан мәйекті мәдени мұрамыз, бірегей ұлттық құндылығымыз екенін атап өтті.

«Ұлттық мәдениет пен өнерді дамыту – біздің саяси платформамыздың негізгі басымдығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, домбыра – қазақтың жаны, ұлт болмысының айнасы. Халқымыз домбыраның қос ішегімен қос әлемнің сырын ақтарып, қара шанағына болмыс-бітімін, арман-мұратын сыйғыза білген. Сондықтан да  күмбірлеген күй әуезі рухты асқақтатып, бойыңа күш-қуат сыйлайды. Тыңдаған жанға жаңа көкжиек ашып, жарқын болашаққа жетелейді. Домбыра отандастарымызды ұйыстырып, әр азаматтың бойында елге, жерге деген мақтаныш сезімін ұялатады. Киелі өнер – халықты бір ниет, бір мұрат жолында біріктіре алады. Қазір елімізде 2 мыңға жуық музыкалық үйірме жұмыс істейді. Онда 100 мыңнан астам жас домбырашы тәлім алады. Домбыраның құдіреті күйі өскелең ұрпақ үшін бар құндылықты бойына сіңіретін тамаша тәлім мектебі болмақ», – деді ол.

 «Алтын домбыра» орталығының шәкірттері «Балбырауын», «Адай», «Ерке сылқым», «Әке» секілді танымал күйлер мен өзге де шығармаларды орындады. Алқалаған көрермен жас музыканттардың орындаушылық шеберлігін жоғары бағалады. Сондай-ақ іс-шара барысында осы Өнер орталығының жетекшісі, әнші Ибрагим Ескендір өзінің жаңа әнін таныстырды.

 Еске сала кетейік, былтыр «Жастар рухы» Жастар қанаты домбыраны дәріптеу мақсатында 4 мыңнан астам адам қатысқан  Dombyra party  акциясын ұйымдастырды. Оның барысында танымал күйлер орындалып, түрлі викториналар, байқаулар мен конкурстар өткізген болатын.

 

Ұқсас жаңалықтар

Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі белгілі болды

admin_altyalash

Бұл – қазақстандық трансплантологияны дамытудағы және өлімнен кейінгі донорлық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам

admin_altyalash

Қазақстан боксшылары Олимпиадаға тағы бес жолдама алды (ВИДЕО)

admin_altyalash