Сынақ оқушының өмірін түпкілікті өзгертуге қауқарлы болмаса да, өмір бағытын айқындап беретін, жаңа есіктің ашылуына бағыттайтын құрал істеттес. Бұл кезеңнен сүрінбей өту, межелеген ұпайды қанжығаға байлау – ұстаздар мен ата-аналар үшін нағыз қуаныш әрі сүбелі еңбектің жемісі. Таяуда ауыл мектебінде білім алған оқушының көрсеткіші де ұстаздары мен жақындарының ғана төбесін көкке жеткізіп қоймай, күллі Қазақстанның назарын өзіне аударды. ҰБТ-да максималды 140 ұпайды жинаған ауыл баласы кім? ҰБТ тарихында жиі қайталана бермейтін рекордты қалай бағындырды?
ҰБТ тапсырмасын екі сағатта орындаған
Жаннұр Еңсебек – Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының №22 жалпы білім беретін орта мектептің түлегі. Ауылдың қара домалақ баласы қарапайым отбасында тәрбиеленген. Білімімен көпті сүйсінткен түлектің әкесі инженер мамандығын игерсе, анасы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Жаннұр ҰБТ нәтижесін көрген бойда қуаныштан жарылып кете жаздағанын айтып еске алды.
– Мен ҰБТ тапсырмаларын екі сағаттың ішінде орындап шықтым. Ал бір жарым сағат уақытым жауаптарды қайта тексерумен өтті. Соңында биометриядан өтіп, нәтижені көргенде қуанышымда шек болмады. Отырған орнымнан атып тұрдым. Ойымды жинақтай алмай тұрғанда қасыма кезекшілер келді. Олар мені нәтижеммен құттықтап, тіпті естелікке бірге суретке түсті. Бастапқыда «Бірінші ғимараттан шықпай тұрып анама хабарласамын» деген ой болды. Алайда қатты қуанғаным соншалықты, сыртқа қарай жүгіріп шықтым. Осылайша алдымнан шығып күтіп алған Juz40 қызметкерлері ұпайымды естіген соң өте қатты қуанды, – дейді Жаннұр.
Кейіпкеріміздің сөзінше, оның таңдау пәндері – информатика және математика. Жаннұр маңызды сынаққа күнделікті жоспар құрып, арнайы кестемен дайындалған. Терең ізденіс пен тыңғылықты дайындықтың жемісін көрген жас түлек қаңтар, наурыз айында өткен сынақтардан да жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Қаңтар айында ҰБТ-дан 121 ұпай жинаса, наурызда 137 ұпай, ал жазда өткен сынақтың алғашқысынан 132 ұпайды қанжығасына байлаған.
– ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптың қазан айында бастадым. Ең алдымен Juz40 курсы арқылы таңдау пәндеріме, яғни информатика және математикаға дайындалып бастадым. Жаздың алғашқы екі айында демалсам, тамыз айында дәл осы курста барлық төрт пәнді де толықтай меңгеріп шықтым. Дайындыққа күніне 6, кейде 8 сағат уақытымды арнадым. Күнделікті жоспар құрып, оның нәтижелі болуына барынша тырыстым. Тіпті алдын ала құрған апталық, айлық жоспарларым да болды. Осы жоспарларды уақытылы орындау – дайындығымның өнімді болуына әсер етті, – дейді ол.
Шахмат ойнап, домбыра шертеді
Есеп шығарғанды жаны сүйетін Жаннұрдың техникаларға қызығушылығы ерекше. Ол дайындық барысында физикалық тұрғыда қиындықтар болғанын да жасырмады. Дегенмен кейіпкеріміз ерік-жігері мен шыдамдылығының арқасында жолында кездескен қиын сәттерді де еңсере білді.
– Иә, дайындық барысында физикалық тұрғыда аздаған қиындықтар болды. Мәселен, негізгі материалдар ноутбук, телефон сияқты құрылғыларда болғандықтан, сәйкесінше, бұл менің көзіме кері әсерін тигізді. Ал психологиялық тұрғыда қиындықтар болды деп айта алмаймын. Себебі мен сабақ пен өзіме демалыс арнап, тынығуды баланста ұстап отыруға тырыстым, – дейді жас түлек.
Жаннұрдың бойына біткен ерекше қабілеттердің бірі – төл аспабымыз домбырада ойнай білуі. Одан өзге жас түлек спорттық ойын түрлерінен шахмат, теннис ойнауға қызықса, бос уақытында Рубик текшесін жинағанды жақсы көреді. Еліміз бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бір белесті артқа тастаған Жаннұр «Ақпараттық технологиялар» мамандығын таңдап отыр. Кейіпкеріміз бұл таңдауын Қазақстанда IT саласының ақырындап болса да, жыл өткен сайын сұранысы артып, қолданыс аясы ұлғайып келе жатқандығымен байланыстырды.
– Таңдаған мамандығым – «Ақпараттық технологиялар». Болашақта осы бағытта елге өз үлесімді қосып, жаңа шыңдарды бағындырғым келеді. Бұл мамандықты оқытатын оқу орындарының бірі ретінде Сүлеймен Демирел атындағы университетті таңдап отырмын. Бұл университет студенттеріне заманауи білім береді. Дәл сол оқу орнын таңдауымның басты себебі осы дер едім. Әзірге шетелде білім алу жоспарымда жоқ. Дегенмен алдағы уақытта мүмкіндік туып жатса, тәжірибе алмасу мақсатында шетелде білімімді жетілдіргім келеді, – дейді 140 ұпай иегері.
Сөз соңында Жаннұр газет оқырмандарына, соның ішінде мектеп оқушыларына кеңесін бөлісті.
– Жас түлектерге дайындықты барынша ертерек бастаңыздар деп айтар едім. Себебі дайындыққа көп уақытыңызды арнаған сайын, үздік нәтижеге қол жеткізу ықтималдылығы да соғұрлым жоғары болады. Ал математика пәнін таңдайтын жас түлектерге формулаларды тек жаттаумен шектелмей, қажет болған жағдайда қорыта біліңіздер деп кеңес бергім келеді. Келесі жылы мектеп бітіретін түлектерге сәттілік тілеймін, – деп сөзін түйіндеді Ж. Еңсебек.
ҰБТ сұрақтарына еш мүдірмей жауап берген жас түлекке жақында су жаңа көліктің кілті табысталды. Онымен қоса Жаннұрдың ата-анасына 1 миллион теңге сыйақы берілді.
Естеріңізге салайық, биыл елімізде 188 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы