Notice: Trying to get property 'child' of non-object in /var/www/altyalash.kz/data/www/altyalash.kz/wp-content/themes/caspian_life_kz/class/ContentTag.php on line 45
Париж Олимпиадасында қызмет ететін қазақстандық төрешілер анықталды. Төртжылдықтың басты додасына спортшылардан бөлек, 12 отандық төреші жол тартады. Атап айтар болсақ, қазақстандықтар бокс, күрес, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, семсерлесу, баскетбол және әртістік жүзуден Олимпиада ойындарында қазылық жасайды.
Қазақстандық төрешілердің басым бөлігі Олимпиадада алғаш рет жұмыс істемек. Тек спорттық гимнастика маманы Тимур Әмірбеков осымен төртінші жазғы ойындарда төрелік етпек. Ол Афины (2004), Лондон (2012) және Рио (2016) Олимпиадаларында, спорттық гимнастикадан 18 әлем чемпионатында қазылық жасаған. Сондай-ақ Әмірбеков лицензиялық әлем чемпионатында жоғары деңгейде төрелік еткені үшін Париж Олимпиадасына тікелей шақырту алды.
Сондай-ақ үлкен теннистен төрелік ететін Юлия Игнатченко мен Меруерт Қаукеева үшін де бұл екінші Олимпиада болмақ. Қос төреші 2020 жылғы Токио ойындарында да мінсіз жұмыс істеді. Одан бөлек, екі төреші де теннистен «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалдық кезеңінде қазылық етіп жүр. Екеуінде де әлемдік төрешілерге арналған күміс белгі бар. Қаукеева мен Игнатченко әлемдік жарыстарда алдымен қапталдағы төреші ретінде бастаса, бүгінде олар матчты мінбеден қадағалайды.
Бокстан IBA үш жұлдызды төрешісі Әлішер Алтаевтың бокста төрелік етіп келе жатқанына 20 жылдан асты. Осы уақыт аралығында түркістандық маман түрлі жас деңгейіндегі сегіз әлем чемпионатын абыроймен атқарған. Одан бөлек, Азия чемпионаттары мен Азия ойындары және Олимпиадаға іріктеу турнирлерінде де қызмет етті. Бүгінге дейін бапкердің тек Олимпиада ойындарына жолы түспепті. Көптен күткен маңызды сәт Париждегі жазғы ойындарға сәйкес келіп отыр.
«Жастар, студенттер, әйелдер және ересектер арасындағы әлем чемпионаттарын есепке алсам, барлығы 8 әлем біріншілігінде төрелік етіппін. Әр жылдары Аргентинада, Чилиде, Ұлыбританияда, Таиландта, Италияда өткен бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирлерінде жұмыс істедім. Негізі, бұған дейінгі Лондон, Рио-де-Жанейро және Токио Олимпиадаларында жұмыс істеуім қажет еді. Сәті түспеді. Париж ойындары бұйырып тұр екен. Бұл жолы бізді Халықаралық олимпиада комитеті іріктеп алды. Рейтингте жоғары орында тұрған қазыларға шақырту жіберді. Бұған дейінгі еңбегім ескеріліп, Олимпиадада төрелік ететініме қуаныштымын. Себебі әрбір спортшы секілді, біз де жазғы ойындарға қатысуды армандаймыз. Олимпиадаға кілең мықты деген төрешілер шақырту алды. Әрбір жекпе-жектен соң бізге баға береді. Егер ұпайымыз төмендеп кетсе, жарыстан шеттетеді. Сондықтан бәрін бақылауда ұстап, жоғары деңгейде жұмыс істеу керек. Біз де физикалық жаттығулар жасап, ережелерді қайта-қайта оқып, жарысқа үлкен жауапкершілікпен барамыз», – дейді Әлішер Махамбетәліұлы.
Әлішер Алтаевтың өзі де бокспен айналысқан. Ол – бокстан спорт шебері, жасөспірімдер арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы, жастар арасындағы Қазақстан чемпионы. 1993 жылы ең алғаш рет өткізілген ересектер арасындағы ел чемпионатында үздік үштікке енген. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы КСРО біріншілігінде қола медаль иеленген.
Халықаралық гимнастика федерациясы шақырту жіберген отандық төрешілердің бірі – Алуа Бектұрова. Алуа ұзақ жылдар бойы отандық гимнастика игілігі үшін қызмет етті. Бүгінде Еуропада тұратын маман соңғы екі жыл бойы FIG ұйымдастырған ірі жарыстың бәрінде қазылық еткен. Тіпті, спортшылар үшін ғана емес, төрешілер арасында да маңызды саналатын лицензиялық әлем чемпионатын абыроймен атқарды. Осыдан соң әлемдік ұйым Бектұрованы Олимпиадада төрелік ететін кіл мықтының қатарына қосқан.
«Біріншіден, Олимпиадаға қатысу үшін төрешінің тәжірибесі есепке алынады. Соңғы екі жылда әлем чемпионаты, әлем кубогі сияқты көптеген ірі жарыста қазылық етуің керек. Екіншіден, судьяның санаты үлкен рөл ойнайды. Көркем гимнастикада төрешілердің 4 санаты бар. Олимпиада ойындарында тек бірінші және екінші санатты қазылар жұмыс істейді. Үшіншіден, төрешінің олимпиадалық маусымдағы қызметінде мін болмауы керек. Қандай да бір қате жіберіп, ереже бұзатын болсаң, Олимпиадаға шақырмайды», – дейді Алуа.
Әлемдік деңгейдегі мамандарымыздың Олимпиадаға қатысуы еліміз үшін де үлкен жетістік екенін ұмытпаған жөн. Отандық қазылар қосынына жер жүзінің ең басты жарысы – Олимпиада ойындарында сәттілік тілейміз.
Арда Кемел