фото:Үкімет
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуын арттыру жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру үшін Қазақстанда арнайы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнайы төлемді тағайындау үшін 55 жасқа толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болуы міндетті шарт болып саналады.
Бүгінгі таңда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген 9145 азаматқа 1,7 млрд теңге сомасына арнайы әлеуметтік төлем тағайындалды.
Төлем 4 көзден – республикалық бюджеттен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, жұмыс берушіден және өмірді сақтандыру компаниясынан жүргізіледі.
Арнайы төлем тағайындауға өтініш білдіргендердің ең көбі Қарағанды (1696 адам), Қостанай (1180 адам), Шығыс Қазақстан (1132 адам), Павлодар (1015 адам), Ақтөбе (599 адам), Ақмола (566 адам) және Абай облыстарында (505 адам) тіркелді.
Арнайы төлемнің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгені құрайды. Қызметкерлер жалақыны да, арнайы төлемді де алуды жалғастыра отырып, денсаулыққа зияны аз жұмысқа ауыса алады, немесе олар зейнетақы тағайындалғанша төлем ала отырып, демалысқа шыға алады.
Арнайы төлем зейнет жасына дейін беріледі. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аталған адамдарға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдерге қосымша мемлекеттік базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындалатын болады.