ҚР денсаулық сақтау министрлігі Онкологиямен күрес бойынша 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспар шеңберінде ел өңірлерінде сәулемен емдеуге бағытталған жабдықтар паркін жаңартуда.
Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттік (АЭХА) ұсынымдарына сәйкес сәулемен емдеу онкологиялық аурулары бар науқастардың 60-70%-ын қамтуы керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш 30,6%-ға тең. Өмірлік қажетті терапияға қолжетімділікті арттыру үшін “Қазақстан халқына” қайырымдылық қорымен бірге 16 заманауи желілік жеделдеткіш сатып алып, орнату туралы мәселе қаралуда. Бұл науқастарды емдеумен қамту деңгейін айтарлықтай арттыруға және оны халықаралық стандарттарға жақындатуға септік етеді.
Бүгінгі таңда елімізде 10 өңірде жұмыс істейтін 15 желілік жеделдеткішті қоса алғанда сәулемен емдеуге арналған 32 аппарат қойылып үлгерді. Қазіргі уақытта Алматы, Астана қалалары мен Абай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары сияқты өңірлерде жаңа жабдықтарды орнату аяқталды. Жаңа қондырғылар арасында баптаулары жасалған, Қазақ онкология және радиология ғылыми- зерттеу институты мен Астанадағы Көпфункционалды медициналық орталығы сияқты жетекші медициналық мекемелерге беруге дайындалып жатқан Ethos Varian және TrueBeam Varian деген заманауи медициналық жеделдеткіштер бар.
Сонымен қатар ел аумағында әр түрлі өңірлерде орналасқан 7 ПЭТ-орталық жұмыс істейді, биыл Алматыда біреуі шағын циклотронмен жабдықталған тағы екі жеке ПЭТ-орталық жұмысын бастады.
3D-конфорлы сәуле терапиясы, қарқынды модульденетін терапия (IMRT VMAT) және стереотаксикалық радиохирургия сияқты ең жаңа әдістерді енгізудің арқасында емдеу анағұрлым нақты және тиімді бола түседі. Бұл технологиялар жанама теріс әсерді азайтып, пациенттердің өмір сапасын арттырады. Соған қоса жаңа әдістердің арқасында емдеу курсының ұзақтығы қысқарып, оның тиімділігі ісіктің түрі мен орналасқан жеріне қарай артады.
Десек те, Алматы, Ақмола, Түркістан, Ұлытау сияқты басқа да облыстарда әлі де болса сәулемен емдеуге қажет жабдықтар жоқ. Бүгінде “Қазақстан халқына” қоры 2025 жылға дейін 5 желілік жеделдеткіш сатып алу туралы шешім қабылдады. Қордың бұл қолдауы емдеудің заманауи әдістеріне қолжетімділікті арттырып, елдегі медициналық көмек сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурулармен күресу және өлім-жітімді азайту үшін жабдықтарды жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу ісін жалғастыра береді.