Астанадағы Ботаникалық бақта Арбалар шеруі өтті. Қызықты іс-шараға қаладағы кішкентай балалары бар ата-аналар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Көпшілік назарын аударған іс-шараға балалар арбасымен жүрген ата-аналар қуана қатысты. Қызықты іс-шара бағдарламасында кәсіби нұсқаушылар мен фитнес-жаттығулар, стретчинг те қамтылды.
Арбалар шеруі ата-аналар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайта түсіп, жаңа таныстыққа жол ашты. Екі сағатқа созылған шеру көптің көңілінен шығып, қатысушылар сыйлықтарға ие болды. Атап айтқанда, қатысушыларға жөргектер, балалар дүкеніне 100 мың теңгеге сертификаттар табысталды.
Ұйымдастырушылардың бірі Әлия Өмірханованың айтуынша, Funny sport аясында ұйымдастырылған шеру – кішкентай балалары бар аналарға арналған спорттық іс-шара. Бұл олардың баламен үйде отырған кездегі өміріне бір көңілді әсер беріп, табиғат аясында осындай жарыстар арқылы бой жазып, серпіліп қалуына септігін тигізді.
«Баламен үйде отырған әйелдер үшін бұл бір ерекше оқиға болды. Арбаға салып балаларымызды таза ауаға жиі шығарып тұрамыз, бірақ ол кезде әркім өзімен-өзі бөлек жүреді. Бұл шеру сондай ата-аналардың басын қосты. Түрлі дене жаттығуларын жасадық, сыйлықтар алдық. Ұйымдастырушыларға рақмет», – деді елордалық көп балалы ана Әсемгүл Жолбасарова.