– Бір аптадан соң әлем назары Астанаға ауады. Әсіресе, спорт сүйер қауым елорда төрінде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына елең етіп, «кімдер жеңеді екен?» деп мойын бұратыны белгілі. 8-13 қыркүйек аралығында спорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынатынын атап өткен жөн.
Қанша спортшы жүлдеге таласады
Әлемдік додаға 89 елден 2800-ге жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында «сен тұр, мен атайын» деген халықаралық жарыстардың жүлдегері көп. Сәйкесінше, әр сайыс тартысты өтеді деп жоспарланып отыр.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны тұңғыш рет 2016 жылы Қырғызстанда ұйымдастырылғаны белгілі. Содан бері айыр қалпақты елдің спортшылары әр додаға тыңғылықты дайындалып, қоржынын жүлдеге толтыруды мақсат етеді. Биылғы жарысқа Қырғызстаннан 282 адамнан құралған делегация қатыспақ. Оның 180-і спортшы, ал 40-ы жаттықтырушы. Тағы 15-і – федерациялардың өкілдері.
Түркия Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 9 спорт түріне қатысуға ниет білдірген. Аталған елден 120-ға жуық спортшы топ жаруға барын салмақ.
Естеріңізге салсақ, соңғы рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осыдан екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен еді. Доданы жоғары деңгейде ұйымдастырған түріктер Астана қаласында да қызу тартыс болатынына сенімді.
Ал Өзбекстан атынан 120-дан астам спортшы қатысады. Олар спорттың 14 түрінен бақ сынайды. Өзбекстандықтар «Теңге ілу» мен «Аударыспаққа» бірінші рет қатысады.
Айта кетейік, биылғы көшпенділер ойындарына Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуела, Ирландия, Доминикан, Гамбия, Бруни, Эфиопия, Перу елінің спортшылары алғаш рет қатысады.
Құсбегілік бағдарламаға алғаш рет еніп отыр
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен жарыстар өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары бар.
Атап айтсақ,
* Асық ату
* Ордо
* Арқан тартыс
* Бәйге
* Көкпар
* Аударыспақ
* Теңге ілу
* Қазақ күресі
* Ашыртмалы аба гүреши
* Кореш (белбеу татар күресі)
* Көкборуу
* Алыш
* Мас-рестлинг
* Powerful nomad (алыптар сайысы)
* Тоғызқұмалақ (тоғызқорғұл)
* Мангала
* Овари
* Жамбы ату
* Дәстүрлі садақ ату
* Құсбегілік
* Құраш (өзбек күресі)
Айта кетейік, құсбегілік алдыңғы төрт ойынның бағдарламасына енбеген еді. Яғни, аталған спорт түрі бойынша дода тарихындағы алғашқы жүлдегерлер анықталмақ.
Байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын құсбегіліктен тоғыз спортшы қорғайды. Олар, бүркіт құсы бойынша – Серікбек Кунтуган, Ерзат Байкадамов, Арман Кушкаров, қаршыға құсы бойынша – Дәурен Аршабай, Бағдат Кеуенов, Құдайберген Рауилұлы және ителгі құсы бойынша – Ерлан Кенжетаев, Бақдәулет Бабажан, Ибрагим Базарбаев.
Жоғарыда аты аталған тоғыз азамат ел ішіндегі чемпионаттарымызда — жүзден жүйрік шыққан үздіктер. Жыл басынан бері ұлттық құрама сапындағы құсбегілер үшін Алматы қаласы мен Ақмола облысында екі оқу-жаттығу жиыны өткен болатын. Үшінші оқу-жаттығу жиыны Астана қаласында 27 тамыздан 7 қыркүйекке дейін жалғасады.
Жарыстар қай нысандарда өтеді
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының инфрақұрылымына елордалық 6 нысан кірді: «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Алау» Мұз айдыны сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені, «Думан» кешені.
«Қазанат» ипподромында және Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстармен аң аулаудың ұлттық түрлері бойынша жарыстар, сондай-ақ ат жарыстары өтеді. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдыны сарайында ұлттық күрес, жекпе-жек және халық ойындары бойынша жарыстар, «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар өтеді. «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасатын болады.
Ойындардың ғылыми бағдарламасының іс-шаралары Ұлттық музейде өтеді.
Оңтүстік-батыс жағынан «Қазанат» ипподромына іргелес 10 га аумақта орналасқан «Көшпелілер әлемі» этноауылы ВИК мәдени бағдарламасын іске асыру үшін басты алаң болады, сондай-ақ мәдени бағдарлама шеңберіндегі іс-шаралар Астананың түрлі алаңдарында (алаңдар, саябақтар, скверлер, басқа да қоғамдық кеңістіктер, театрлар, концерт залдары, кинотеатрлар, мұражайлар, көрме павильондары және т. б.) өтеді.
Көшпенділер ойынын өткізуге қанша қаржы жұмсалады?
Ойындардың операциялық бюджеті – 5,7 млрд теңге. Аталған сомаға қаржылық серіктестер мен демеушілердің қаражаты қосылады. Жалпы алғанда, операциялық бюджет шамамен 8 млрд теңге болмақ.
Бұл ретте, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекциясы «Alageum Electric» Компаниялар тобымен екіжақты меморандумға қол қойды.
Меморандум негізінде «Alageum Electric» 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми бас демеушісі болып танылды. Ал, ойындардың Бас серіктесі – Halyk Bank.
Серіктестер бөлген қаражат бірінші кезекте жүлделерді төлеуге бағытталады. Олардың жалпы сомасы 253 млн теңгені құрайды. Әр спорт түрі бойынша жеке және командалық жүлделер тағайындалады. Көкпар мен көк бөріден жеңімпаз команда 10 млн теңге, екінші орын алған команда 6 млн теңге, үшінші орын үшін 4 млн теңге алады. Жеке спорт түрлерінде алтын медаль иегерлеріне 500 мың теңгеден үлестірілсе, екінші орын 300 мың теңгені иеленеді. Қола жүлдегер 200 мың теңге алады.
Айта кетейік, жорға, құнан бәйге, топ бәйге жеңімпазы 3 млн теңгеден иеленсе, аламан бәйге жеңімпазы 5 млн теңгені қалтасына салады.
Бұдан бөлек, демеушілердің бөлген қаражаты шетелден келетін ғылыми бағдарлама спикерлеріне, мәдени бағдарламаға қатысушыларға арналған кәдесыйлар мен авиабилеттерді сатып алуға жұмсалмақ.