фото:ашықдереккөз
Эколог, «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай атом электр станциясын салу арқылы еліміздегі ғылымның дамуына үлес қосамыз деді. Тек ол ғана емес 2035 жылға қарай болатын энергия тапшылығының алдын алып, елдің экономикалық тұрғыда тұрақтылығын қамтамасыз етілетін көрінеді.
«Егер атом-электр станциясын дамытатын болсақ, сол салада барлық ғылым дамиды. Біз Қазақстанда айтамыз ғой. Ғылым дамымай жатыр. Ғылым академиясы жабылып қалды дегендей. Енді сол ғылымды дамытатын осы – АЭС. Сол себепті біз ғылымға тереңірек қарасақ дұрыс болар еді. Өйткені бізде тек тұтынушылық қана ғылым дамып отыр» – деді эколог Азаматхан Әміртай.
Эколог дүйім жұрттың Украина мен Жапониядағы атом-электр станцияларының апаты қайталана деп қорқатынын айтты. Алайда заманауи атом станциялары өзгеше жарақтандырылып, автоматтандырылады екен.
«Фукусима мен Чернобыльге байланысты халықта әрине қорқыныш бар. Мәселен, Чернобыльдегі жағдайды алсақ, онда ескі технология болғанын ескеру қажет. Онда адами қателік болды. Уранды байыту кезінде бақыланбай қалғаннан болды. Ал Фукусимада жер сілкінісінің әсерінен апат болды. Бірақ қазір заман басқа. Заманауи атом станциялары автоматтандырылған. Егер қателік кетсе санаулы секундтарда шешім қабылдайтындай технологиялар жұмыс істейді» – дейді эколог.
Энергетика саласында 20 жылдан астам еңбек еткен кәсіпкер Шыңғыс Серіков, керісінше, Қазақстанның болашақтағы энергетикалық тәуелсіздігі тек атом энергетикасын дамытумен байланысты екеніне сенімді. Ол өзінің негізгі дәлелдері ретінде бірнеше маңызды факторларын атады. Мәселен, Қазақстан барланған уран қорының саны бойынша әлемде екінші мемлекет, оның өндірісі бойынша бірінші орында және отын элементтерін өндіру дамыған. Мемлекет әртүрлі елдерге уранды экспорттайды.
«Бар болғаны электр қуатының тапшылығы мәселесін шешетін атом электр станциясын салу ғана қалды, біз елде тұтынылатын барлық энергияның 20 пайызын үнемі Ресейден сатып алуға мәжбүрміз. Оның айтуынша, 30-50 жыл аралығында салынған жылу және су электр станцияларын жаңғырту тым қымбатқа түседі. 30 жыл бойы Қазақстанда бірде-бір жаңа электр станциясы салынбады, тек Алматының маңында қуаттылығы 300 МВт болатын Мойнақ су электр станциясы пайда болды. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана үлес», – деді ол.
Еске салайық, 6 қазанда Қазақстанда атом-электр станциясын салуға қатысты бүкілхалықтың дауыс беру өтеді. Референдумда «иә» және «жоқ» деген қос жауап беріледі.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz