Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Үркер елді мекені туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Үркер (Ильинка) елді мекенінің белсенді тұрғындарымен кездестім. Осыған дейін біз олармен бірлесіп, елді мекеннің даму жоспарын дайындағанбыз. Жоспарға сәйкес, қойылған міндеттердің шамамен 80%-ы орындалды. Дегенмен жоспарды қайта қарап, жаңа міндеттер мен бағыттар енгіздік.
Бұл елді мекендегі міндеттердің бірі – кәріз және газдандыру мәселесі. Биыл елді мекен аумағында 17 кәріз-сорғы станциясы (КСС) салынып, іске қосылды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым құбырлар мен КСС тазалау жұмысын жүргізіп жатыр. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін нысандар одан әрі тиісті деңгейде күтіп-ұстау және қызмет көрсету үшін «Астана Су Арнасы» балансына берілетін болады.
Өткен жылы Үркер елді мекенінің газбен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта жеке инвестормен бірлесіп, тарату желілерінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.
Сол сияқты елді мекенде екі мектептің құрылысы жүріп жатыр, олардың біреуі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша, бір ауысымды 2 мың оқушыға арналған. Біреуін осы жылдың соңында, ал екіншісін келесі оқу жылының басында тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар, мұнда өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр, жарықтандыру, бірқатар көшені абаттандыру және т.б. жұмыс орындалды.
Кездесу қорытындысы бойынша елді мекенді дамыту жоспарына жаңа міндеттер енгізілді. Біз жоспарды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.