фото:ашықдереккөз
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғалымы Қанат Ермекбаев Орталық Азия елдерінде өсірілген бидайдың генетикалық кодын зерттеп жүр. Ол, әсіресе, жедел селекция әдістерін кеңінен танып білуге күш салып жатыр. Жас ғалым Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің 150 миллион теңге грантын жеңіп алған. Осылайша ауқымды жобаны зерттеп шығуға бел шеше кіріскен. Бүгінде нәтижелі жұмыстың арқасында 450-ден астам бидай сұрпын таңдап алып, оның генетикасына талдау жүргізіліп жатыр. Ғылым асқан шыдамдылық пен табандылықты, білім мен ынта-жігерді талап ететіндіктен, осындай жобаларға қомақты қаражат бөлінеді.
«Белгілі бір жағдайларға бейімделген сортты өсіру әдетте 12-14 жылға созылады, бұл үлкен ресурстарды қажет етеді. Алайда мен жүргізетін терең генетикалық талдау бұл кезеңді алты есеге дейін қысқартады. Сол арқылы уақыт пен қаражатты, адам күшін де үнемдейтініміз анық», – дейді ғалым Қанат Ермекбаев.
Ғалым бүгінде «Орталық Азия бидайының құндылығын арттыру үшін толық геномдық сканерлеу, автоматтандырылған фенотиптеу және қарқынды селекция әдістері» тақырыбын терең зерттей отырып, алыс-жақын шетелдердегі тәжірибелерді де қалыс қалдырмаған. Ол осы жоба аясында бидайдың тұтас геномдық реттілігін анықтап, түрлі технологиямен танысқан. Ең маңыздысы осы зерттеу арқылы еліміздегі дәнді-дақылдарды іріктей отырып, мол өнім алуға болатын жолдарды қарастыруға болады.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz