фото:ашықдереккөз
Бала тәрбиесі қазақ халқы үшін аса маңызды болған. Ғасырдан ғасырға жалғасқан салт-дәстүр арқылы ұлтымыз өз иммунитетін сақтап, ұрпақты жамандықтан арашалаған. Тәртіпсіздік, үлкеннің жолын кесу, біреудің ала жібін аттау, өсек пен өтірікке құмар болу халқымызда жаман қасиет саналған. Сол себепті баланы жастайынан тәрбиелеуге, оның қоғамда жақсы адам болып қалыптасуына мән берген. «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрар Саттарқызының айтуынша, қазақтың бала тәрбиесіне қатысты 50-ге жуық салт-дәстүрі бар.
«Қазақтың осы ұрпақ тәрбиесіне қатысты 50-ге жуық дәстүрі бар. Адам өмірге келгеннен бастап өмірден өткенге дейінгі бүкіл адамды тәрбиелеуге арналған салт-дәстүрлер. Тіпті анау сәби ананың ішінде жатқанда құрсақ шашудан бастап адам өмірден өткенге дейін айтылатын жоқтауға дейін тәрбие ғой. Міне осының барлығынан безіп отырмыз. Ол қате» – дейді ол.
Өкінішке қарай, жастардың азғындалуы мен жаман әдеттерге бет бұруы бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі болып отыр. Жас буынның есірткі мен ішімдікке әуес болуы, одан қалса, мектеп мен оқу орындарындағы буллинг, зорлық-зомбылық жағдайлары өршіп тұр. Сарапшы бұл тұрғыда ұлттық идеологияның насихатталуына көңіл бөлу қажет дейді.
«Мысалы ұлды ұл етіп тәрбиелейтін дәстүр бар. Көбі білмейді оны. Баланы ашамайға отырғызу дейді. Ер баланың қолына қамшысын ұстатып, жүгенін ұстатып, «Міне, сен еліңнің, отбасыңның, жеріңнің иесісің. Үзеңгіні қолға алдың! Ертең бәрін осылай қолға алуың керек» деген жауапкершілікті жүктеген. Ал қыз балаға мысалы, қызға сырға салуды тұрмысқа шыққанда салып шатасып жүрміз. Шынын айтқанда, қызға сырға кішкентайынан тұрмысқа шыққанға дейінгі атрибуты ғой. Қыз 7 жасқа келгенде құлағын тесіп, сырға салған. Ол қызды қыз бала етіп тәрбиелеу дәстүрі» – дейді Тұрар Саттарқызы.
Елімізде ұлттық идеологияны насихаттау үшін мектептер мен кітапханаларда, қоғамдық орындарда арнайы шаралар өткізілуде. Алайда мемлекеттік деңгейде бірыңғай дәстүрді насихаттайтын бағдарламалар қажет екені анық.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz