фото:Астана қаласының әкімдігі
«Хрустальное колесо» халықаралық байқауында Астананың Орталық саябағы ең үздік ашық ойын-сауық және демалыс саябағы деп танылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Байқау Ресейдің Сочи курортындағы ойын-сауық және демалыс индустриясы мамандарының 33-ші форумы аясында өтті.
Астаналық саябақтың басты бәсекелесі Мәскеу ойын-сауық саябағы болды.
«Біз бұл іс-шараға маусымның басынан бері дайындалдық. Елордамызды лайықты таныстыру үшін командамызбен саябақта жаңа, қызықты шешімдер мен іске асырылған идеялар жеткілікті деп ойладық», – деді «MAGIC PARK ASTANA» Орталық саябағының басқарушы компаниясының директоры Гайни Хасенов.
Қазылар алқасы саябақты басқарудың осы 6 жылында жүзеге асырылған тұжырымдамалық шешімдерді бағалады: ойын-сауық аймақтарын тақырыптау; аттракциондарды отбасылық-балалар және экстремалды аттракциондар аймағына бөлу; гастроаллея.
Сондай-ақ олар саябақтың орналасқан жерін де атап өтті. Өйткені әдетте саябақтар адамдар көп жиналатын жерлерде орналасқан, ал мұнда саябақ келушілерді өзіне тартты.
Биыл орталық саябақта жаңа аттракциондар «Жетінші аспан» және «Экстрим» үлкен маятник пайда болды. Бірақ келушілер үшін ең қызықтысы саябақтың жасыл аймағында өтетін және Аққу тоғанына қарайтын биік монорельсті жаңа «Әуе саяхаты» аттракционы болды.