Тайландтан Маңғыстауға келін болып түскен Суфафон Хонгчетхем Ақтаудағы №247 сайлау учаскесіне жұбайымен және енесімен еріп келді.
23 жастағы жас келін Қазақстан азаматтығын алып үлгермегендіктен бұл жолы дауыс бере алған жоқ. Жолдасы Мирас Арсланға қолдау білдіре келген.
– Бүгін елімізде маңызды күн. Мен де ел болашағы үшін таңдауымды жасадым. Келіншегім Қазақстанның сайлауын көрсін деп ерте келдім. Барша жерлестерімді референдумға қатысуға шақырамын,-деді Мирас Арслан.
Суфафон Хонгчетхем Маңғыстауға биыл сәуірде келді. Тайландта оқып жүрген ақтаулық Мирас есімді жігіт сол елдің аруын ұзатып әкеліп, той жасады. Қазнетте шетелдік қыз бен отбасын құрған жерлесіміздің тойы көпшіліктің талқысына түскен еді.
Жас келін ә дегеннен қазақ халқының дәстүрі мен ұлттық тағамдарына қызыққанын айтады. Оның сөзінше, қазақтың ұлттық киімдері мен тағамдары, адамдардың қарым-қатынасы зерттеуге тұрарлық.
– Болашақта Қазақстан әлемге таныла түсіп, жаһанның төрт бұрышынан келетін туристердің таңдайын қақтырар өлкеге айналады. Барлығы Қазақстан туралы көбірек білетін болады. Себебі қазақтың дәстүрі, өмір сүру салты да, елдің табиғаты да кез-келген адамды баурап алатындай, – дейді Хонгчетхем келін жымиып.
Енесі Гүлсім қазір келіні қазақша еркін сөйлесе алмаса да, салт-дәстүрді тез үйреніп алғанын айтады. Күйеуі Мирастың сөзінше, табиғаты тымық Тайландтан келген Суфафонға Маңғыстауда бәрі ұнаған, алайда шаңы мен желіне әлі үйренісе қоймапты.
Келіннің қазіргі есімі – Інжу. Өзіне ұнайды. Інжу қазір қыз, келіншектердің бетін әрлеп, шашын сәндеумен айналысуда.