Фото: istockphoto.com
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды altyalash.kz Aikyn.kz.-ке сілтеме жасап.
Тергеу органымен К. ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 4) тармағымен айыпталған (әйелдің жүкті екенін біле тұра оны өлтіруге оқталу).
К. 2024 жылғы 13 шілде күні сағат 21.30 шамасында алкогольдік масаң күйде, Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында орналасқан «Р» сауда орталығының алдында заңды некедегі жолдасы жәбірленуші А-ның жүктi екенiн көрінеу біліп, оны қасақана қазаға ұшырату ойымен, өзімен бірге алып жүрген ас үй пышағын қолданып, жәбірленушінің денесінің арқа, сан және кеуде тұсынан бірнеше рет соққылар жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген.
Одан әрі, сотталушы К. өзінің қылмыстық іс-әрекетін тоқтатпай, алған ауыр дене жарақаттары салдарынан жерге құлаған жәбірленуші А.-ның дәрменсіз күйде жатқанына қарамастан, жәбірленушінің басынан бірнеше рет теуіп дене жарақатын салған.
Алайда оқиға болған жерде жүрген полиция қызметкерлерінің және өзге адамдардың араласуымен К.-нің қылмыстық іс-әрекеті ақырына дейін жеткізбеген.
Оқиға болған жерге дер кезінде келген полиция қызметкерлері сотталушы К.-ты күш қолдану (қолын қайыру) арқылы ұстаған.
Прокурор, К.-ны тағылған айып бойынша кінәлі ден танып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші, сотталушы К.-ға жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы К. жасаған әрекетіне шын ниетімен өкінетінін мәлімдеп, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Қорғаушы сотталушының ұстанымын қолдады.
Сотталушының кінәсі, жәбірленушінің және куәгерлердің жауаптарымен, сот сараптама қорытындыларымен және өзге де іс-құжаттарымен дәлелденді.
Сот К.-ға жаза тағайындау барысында, оның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде шын ниетпен өкінуін, ал жазасын ауырлататын мән-жайларға, қылмысты масаң күйде жасағанын таныды.
К.-ны ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.