Президентке 2024 жылы министрлік тарапынан мәдениет, ақпарат, азаматтық қоғам, дін, этносаралық қатынастар, жастар саясаты және креативті индустриялар, отбасы-демографиялық сала, архивтер мен кітапхана ісі бойынша жүзеге асырылған шаралар туралы, сондай-ақ 2025 жылға жоспарларға дайындық барысы жөнінде ақпарат берілді.Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Министр Аида Балаева биыл қазақ өнері әлемге әйгілі өнер алаңдарында алғаш рет ұсынылғанын атап өтті. Венеция биенналесінде және Гиме азиялық өнер музейіндегі қазақ өнер көрмелерін екі жүз мың адам тамашалады.
Қазақстанның баспа өнімдері 153 елдің делегациясы қатысқан әлемдегі ең ірі кітап көрмесі – Frankfurter Buchmesse-де алғаш рет көрсетілді.
Ел тарихы мен мәдениетін дәріптеуде маңызды жоба – сегіз тілде, соның ішінде халықаралық тілдерде, ақпараттық-ағартушылық «Qazaq Culture» платформасы іске қосылды.
Сондай-ақ, Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты жарқын мәдени-көпшілік оқиға болды.
Министрлік биыл заң шығару саласында ауқымды жұмыс атқарды.
Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстанда журналист мәртебесін арттыруға бағытталған жаңа БАҚ туралы заң қабылданды. Сонымен қатар «EURONEWS» телекомпаниясының аймақтық кеңсесі ашылды. Ал, «Қазақфильм» киностудиясын тікелей қаржыландыруды қарастыратын заңнамаға өзгерістер Парламентте талқылануда.
Сондай-ақ, министрлік қайырымдылық, креативті индустриялар саласындағы заңнамаларды жетілдіру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде.
Еріктілер қозғалысын дамыту да министрліктің басты бағыттарының бірі болып отыр. 2022 жылмен салыстырғанда белсенді еріктілер саны 240 мың адамға дейін өсті. Жыл сайын 50-ден астам волонтерлік жоба жүзеге асырылады, 7 қазақстандық волонтер БҰҰ құрылымдарына жіберілді.
Креативті индустрияларды қолдау шаралары әзірленді: Креативті индустриялар қоры құрылды, «Сәтті Жұлдыз» түсімінен 3% бөлінеді, мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілді, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда. Креативті индустрия субъектілеріне арнайы салық режимі енгізілді. Жыл басынан бері елде 10 креативті орталық пен хаб ашылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі