Жарыс жастар арасында ұлттық ойынды насихаттау, танымалдылығын арттыру, сондай-ақ Тәуелсіздік жолындағы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды. Турнир Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы Тоғызқұмалақ Федерациясы және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті.
«Желтоқсан көтерілісінің күрескерлеріне тағзым ретінде бүгін тоғызқұмалақ ойыны ұйымдастырылып отыр. Жыл сайын «Мәңгілік жадымда сен – Желтоқсан 86» деген атаумен қазақтың ұлттық ойындарынан осындай жарыс өткізіліп отырады. Себебі 86 жылғы көтерілісшілер ел тәуелсіздігі үшін күресіп қана қоймай, ұлттық спорттың өркендеуіне де зор үлесін қосты. Бізді ұмыт қалдырмай, үнемі осындай құрмет көрсетілетіні үшін өте қуаныштымыз», – деді республикалық «Желтоқсан – 86 Тәуелсіздік қырандары» Халық қаһармандары қозғалысының төрайымы Жүніс Гүлбахрам Есмұратқызы.
Турнир ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бекіткен «Тоғызқұмалақ қағидасына» сәйкес өткізілді. Жеңімпаздарға арнайы грамота, медаль, кубок және бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар шара барысында Алматы қаласы Тоғызқұмалақ Федерациясының Президенті Әкім Тұрсын ұлттық ойынның дамуына үлес қосқандарға және жарысқа үздік шәкірттер дайындағандарға Алғыс хат табыстады.
«Қатысушылар үздік ойын көрсетті. Болашақта әлемді бағындырар спортшыларымыздың бірі болады деп үміттенеміз. Сәттілік тілеймін», – деді Алматы қаласы Тоғызқұмалақ Федерациясының директоры, бас төреші Қалдыбаев Азамат.
Тартысты ойында жеңіске жеткен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, «Қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Нұрай Ғаниқызы өз қуанышымен бөлісті: «Университеттер арасында өткен бүгінгі жекелей ашық турнирде мен І орынды иелендім. Қуанышымда шек жоқ. Ұйымдастырушыларға рақмет».
Тоғызқұмалақ ойыны – қазақ халқының терең тарихи тамырынан нәр алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтардың бірі. Бұл зияткерлік ойын тек дәстүрімізді насихаттап қана қоймай, жастардың ой-өрісін дамытуға да ықпал етеді.