Президент бастамасымен биыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын техникалық мамандардың жұмысына ерекше назар аударылады. Олардың қатарында елорданы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған «Астана-АЭК» АҚ қызметкерлері де бар, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Кәсіпорын жұмысшыларының бірі, Байқоңыр аудандық электр желілерінің (ЖЭК) аға шебері Дархан Ыбаш энергетика саласында 10 жылдан астам еңбек етіп келеді.
Дархан университетті «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша бітірген. «Астана-АЭК» АҚ-да 2012 жылдан бері жұмыс істейді.
Кәсіпорында 3-разрядты электрик мамандығынан бастаған. Кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп, еңбекқорлығының арқасында әріптестерінің құрметі мен сеніміне ие болды.
«Ауа райының қолайсыздығына, тәулік уақыты мен басқа да қиындықтарға қарамастан, берілген тапсырмаларды нақты орындаймыз. Біздің басты міндетіміз – аудандық желілердің сенімді және сапалы жұмысын қамтамасыз ету», – деді Дархан.
Ол Президенттің жұмысшы мамандарды қолдау жөніндегі бастамасының маңыздылығына тоқталды.
«2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғанына қуанып жүрмін. Бұл бастама жұмысшы мамандардың маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, жастарды техникалық мамандықтарға тартуға септігін тигізеді, бұл еліміздің дамуы үшін аса маңызды», – дейді шебер.
«Астана-АЭК» мекемесінде қызметкерлердің кәсіби өсуіне ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда олар бастамашылық пен кәсіпқойлықты бағалайды, сонымен қатар дамуды қолдайды және карьералық өсу үшін жағдай жасайды. Дарханның айтуынша, дәл осы қасиеттер компанияның өз саласында көшбасшы болып қалуына көмектесіп келеді.