Сандықтау ауданының Петровка ауылында 80 орындық заманауи мектеп салынды, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Қаңтардың соңғы аптасында ауылдың бірінші және тоғызыншы сыныптары аралығында оқып жатқан 60-қа жуық оқушысы үшін ерекше оқиға орын алды – олар жарық әрі кең оқу кабинеттері бар жаңа мектеп ғимаратында білім ала бастады. Бұған дейін балалар ғасырдан астам уақыт бұрын салынған ескі мектепте оқуға мәжбүр болған.
«Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында 9 жайлы мектеп салынып пайдалануға берілді. Петровка ауылындағы мектеп құрылысы белгілі бір себептермен мердігер тарапынан қиындық туындағандықтан сәл созылып кеткен еді. Облыс әкімі құрылыс алаңына жеке өзі барып, жаңа мектепті тез арада тапсыру туралы нақты тапсырмалар берді. Қысқа уақыттың ішінде жаңа мердігер табылып, құрылыс сапасы мен мерзіміне қатысты нақты талаптар қойылды. Нәтижесінде мектеп бір жылға жетпей салынып бітті. Жаңа мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылар үшін бұл ұмытылмас жайтқа айналды деп сенемін», – деді облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Арай Әбенованың айтуынша, педагогикалық ұжым толық құрамда жұмысқа кірісті. Мұнда зерттеуші, модератор және сарапшы педагогтар қызмет атқарады. Бүгінде 58 оқушы жаңа мектеп табалдырығын аттады. Алты бала мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Екі қабатты ғимаратта мини-орталыққа да орын табылған, әзірге оған 10 бала келіп жүр.
Мектеп заманауи техникамен жабдықталған. Мұнда мультимедиалық кабинет, заман талабына сай түрлі құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген химия, физика және биология кабинеттері, жайлы кітапхана, кең спортзал, шеберханалар, медициналық кабинет және асхана бар. Оқушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Мектеп заманауи талаптарға толық сәйкес келеді.
«Менің екінші балам биыл бірінші сыныпқа барды. Міне, баламды жаңа мектепке алып келдім. Енді балаларым осындай тамаша жағдайда, жылы әрі жайлы мектепте оқитындарына қуанып тұрмын. Ескі ғимаратпен салыстырғанда, айырмашылығы жер мен көктей», – деп бөлісті үш баланың анасы Надежда Савельева.