Қарағанды қаласында «Қарағанды көктемі» республикалық ұлттық проза фестивалі аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Алқа» әдеби клубының көшпелі отырысы өтті.
Жиынға министрлік өкілдері, еліміздің әр аймағынын келген белгілі ақын-жазушылар, өңір қаламгерлері, ЖОО оқытушылары мен студенттер қатысты.
«Қарағанды көктемі» фестивалінің ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
Алқалы жиында бүгінгі әдебиет саласының бағыт-бағдары, оның ішінде, аударма ісі, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару, әдеби байқаулар ұйымдастыру, балалар әдебиетін дамыту мәселелері талқыланды.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы иегерлері, белгілі жазушы Асқар Алтай, Думан Рамазан, Нұржан Қуантайұлы, әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова бүгінгі прозаның жай-күйі, кітап нарығын, әдеби сын, аударма саласын дамыту мәселелері жөнінде сөз қозғады.
Жиынға қатысушылар әдебиетті дамытуда өздерін толғандырған ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Айта кетейік, дәстүрлі «Қарағанды көктемі» фестивалі биыл тұңғыш рет проза жанрына арналып отыр. Жиын аясында ең үздік әңгімеге арналған байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.