Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Аймақ жаңалықтарыЖаңалықтарЭкономика

Жобаның негізгі бағыттарының бірі — қой жүнінен жасалған жылу және дыбыс оқшаулағыш тақталар мен рулондар өндірісі

Ақтөбе өңірінде жүн өңдеп, тоқыма емес материалдар өндіретін зауыт салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның бастамашысы — итальяндық CORMATEX компаниясының техникалық қолдауымен жұмыс істейтін «KazFeltec» ЖШС.

CORMATEX — тоқыма өнеркәсібіне арналған заманауи технологияларға маманданған компания.

Зауытта жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беретін Lap FormAir технологиясы қолданылмақ.

Жобаны іске асыру 2020 жылы басталды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жабдықтарды іске қосу және сынақтан өткізу 2025 жылдың тамызына жоспарланған.

Кәсіпорын жыл сайын 2000 тоннадан астам шикізатты өңдеуге қауқарлы болады. Шикізат ретінде табиғи және синтетикалық талшықтар, сондай-ақ тоқыма өндірісінің қалдықтары пайдаланылатын болады. Зауыт құрылыс, машина жасау, қаптама және сүзу жүйелері үшін кеңінен қолданылатын тоқыма емес материалдардың алуан түрін шығарады. Дайын өнім ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да жеткізіледі.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі — қой жүнінен жасалған жылу және дыбыс оқшаулағыш тақталар мен рулондар өндірісі. Бұл бағыт маркетингтік зерттеулер нәтижесінде бизнес-жоспарда басым бағыт ретінде айқындалды.

Жоба аясында 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, қазақстандық жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді — олар заманауи, жоғары технологиялы жабдықтарда практикалық тәжірибе жинақтайды.

Жоба мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, техника мен жабдық сатып алуға кеткен шығынның 25%-на дейінгі көлемінде инвестициялық субсидиялар қарастырылған.

Жаңа өндіріс орны өңірдегі қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ бұрын пайдаланылмай келген жергілікті шикізатты — қой жүнін тиімді игеруге мүмкіндік береді.

Ұқсас жаңалықтар

Президент Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуіне қатысты

admin_altyalash

Қазақстанда әсері күшті препараттардың заңсыз айналымына қылмыстық жаза енгізіледі

admin_altyalash

Нарынқол-Кеген республикалық автожолы жөндеуден өтеді

admin_altyalash