«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында 21-26 сәуір аралығында елімізде ауқымды іс-шаралар өтеді. Тақырыптық апта Астанада еріктілердің, белсенділердің, стартаперлердің, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қатысуымен «Таза Қазақстан» бастамасын іске асырудың бірінші жылының қорытындыларына арналған республикалық экофестивальден басталады.
Шара аясында “Үздік экологиялық білім беру мекемесі”, балалар арасында суға ұқыпты қарау тақырыбында сурет салу, “Жасыл Университет” (экология және орнықты даму саласындағы ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламалары үшін), “Үздік экологиялық стартап жоба” республикалық конкурстарының жеңімпаздары марапатталады.
Эстафетаны еліміздің өңірлері де қабылдайды. Апталық аясында қалалар мен ауылдарда 200-ге жуық түрлі экологиялық іс-шаралар өтеді. Соның ішінде “Таза аймақ”, “Таза су айдындары”, “Таза бейсенбі”, “Киелі мекен”, “Жасыл аймақ”, “Мөлдір бұлақ” және т. б. аумақтарды тазарту бойынша акциялар ұйымдастырылмақ.
Апталық жалпы республикалық сенбілікпен аяқталады. Елді мекендерді көгалдандыру бойынша ауқымды акция аясында 20 мың көшет отырғызу жоспарлануда.
Қазіргі таңда “Таза Қазақстан” экологиялық бастамасына қатысушылардың саны 6 миллионнан асты, бұл әрбір үшінші қазақстандық. Жалпы күш-жігермен 1,8 млн. га аумақ тазартыляп, 1,1 млн.тонна қоқыс жиналды, 1,6 млн. астам жасыл желек отырғызылды, 5 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектілері қалпына келтірілді.
Айта кету керек, “Таза Қазақстан” бастамасы аясындағы экологиялық іс-шаралар тұрақты негізде жалғасып, қатысушылардың саны артып келеді. Оның басты мақсаты – тұрақты экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыру, экологиялық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ табиғи ресурстарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізу.
Еліміздің барлық азаматтарын экологиялық бастамаға қосылуға және Қазақстанның табиғатын сақтауға, еліміздің экологиялық болашағын жақсартуға өз үлестерін қосуға шақырамыз!