Қаладағы жеңіл атлетикаға арналған облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2023 жылы құрылған. Мұндағы 329 бала 4 ауысыммен 1967 жылы салынған ғимаратта жаттығады. Нысанға тұрғызылғаннан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Облыс әкімі «Локомотив» стадионын да аралады. Бұл аумақта көпсалалы спорт кешені мен жатақхана салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға ұсынылған.
Аймақ басшысы барған келесі нысан – олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің күрес залы. 1936 жылы салынған ғимаратта балалар грек-рим күресімен айналысады. Жалпы спорт мектебінің қарамағында бірнеше филиал мен спорт залдары бар. Барлығын қоса алғанда 1349 бала 15 спорт түрімен шұғылданады. Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Жарыстардан 362 медаль иеленген. Күрес залының ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 1328 спортшы 9 спорт түрімен шұғылданады. Әртүрлі деңгейдегі жарыстардан 446 медаль иеленген. Мекеме қарамағында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, күрес залы, жатақхана, «Достық» спорттық лагері бар. Қазіргі таңда спорт кешені жанынан оқу ғимаратын ашу қажеттігі туындап отыр. Себебі, тәрбиеленушілер өзге мектептерге қатынап оқиды.
Ғимарат 2011 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Спорт кешенінің төбесінен су өтіп, қабырғаларында жарықшақ пайда бола бастаған. Нысан ішіндегі бассейн қалада жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жұмысын тоқтатады.
Облыс әкімі олимпиадалық резервтің қысқы спорт түрлеріне арналған мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен де танысты. Мұнда 247 бала шаңғы, биатлон және конькимен жүгірумен айналысады. Әртүрлі жарыстардан 103 медаль иеленген. Оның ішінде халықаралық жарыс жүлдегерлері де бар. Алайда спортшылар заман талабына сай келмейтін алаңдарда жаттығуда. Аймақ басшысына жаңа, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін шаңғы-роллерлік трассасын салу туралы ұсыныс айтылды.
Облыс әкімі Семейдегі спорт нысандарын жаңғырту, жаңадан салу бойынша тиісті шешім қабылданатынын атап өтті.
«Бүгін облыс орталығындағы 10-ға жуық спорт нысанының жағдайын көріп, өзекті мәселелерімен таныстым. Өкінішке қарай, спортшыларымыз заман талабына сай келмейтін залдарда жаттығып жүр. Мен аралаған спорт мекемелерінің барлығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Қаншама жылдар бойы назардан тыс қалған. Соған қарамастан спортшыларымыздың жетістіктері көңіл қуантады. Алдағы уақытта қаладағы спорт ғимараттары бойынша тиісті шешім қабылдаймыз. Ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Ағымдағы және күрделі жөндеуді бастаймыз. Жаңа спорт ғимараттарын салатын боламыз» деді аймақ басшысы.