Сенатта Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің «Республикалық бюджеттің әлеуметтік сала шығыстары бойынша мемлекеттік аудиттің нәтижелері туралы» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт салаларына бөлінген бюджет қаражатының тиімділігі мен нысаналы пайдаланылуына баса назар аударылды.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп әлеуметтік салаға жүргізілетін аудиттің маңыздылығын атап өтті. Себебі, республикалық бюджеттің едәуір бөлігі халықты қолдауға бағытталады.
«Бүгінде республикалық бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалады. Бұл қаржы халықтың, әсіресе мемлекеттік қолдауға шын мәнінде мұқтаж жандардың өмір сүру сапасын арттыруға нақты жұмыс істеуі тиіс. Бүгінгі отырысымыздың мақсаты – анықталған мәселелерді жан-жақты талқылап, олардың алдын алу жолдарын айқындау», – деді Нұртөре Жүсіп.
Отырыста сенаторлар, Жоғары аудиторлық палата, Қаржы министрлігі, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдар мен мекемеге бағынышты ұйымдардың өкілдері аудиттің қорытындылары мен анықталған кемшіліктерді, олардың себептерін және оларды жою шараларын талқылады. Әсіресе, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ашықтығы мен есептілігін арттыру тетіктеріне ерекше көңіл бөлінді.
Жиын қорытындысы бойынша қаралған мәселелер сенаторлардың алдағы қызметіне негіз болатыны, депутаттық сауалдарда көрініс табатыны және заңнамалық бастамалар әзірлеу кезінде ескерілетіні атап өтілді.
Суретті түсірген: А.Байжұманов